Астанада шомылуға рұқсат берілген орындар белгілі болды
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Азамат Құсайынов биыл елорда тұрғындары мен қонақтары қай орындарда суға шомыла алатынын айтты, деп хабарлады Elorda.info ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Астана қаласы әкімдігінің қаулысы бойынша, биыл қала аумағындағы төрт орында суға шомылуға ресми рұқсат беріліп отыр. Олар: Орталық жағажай, «Три пескаря», «Столичный двор» демалыс аймақтары мен Шабал Бейсекова көпірінің ауданындағы коммуналдық жағажай.
Суға шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелердің тізімін 2ГИС картографиялық платформасынан көруге болады. Қауіпсіздік мақсатымен шомылуға тыйым салынған 21 учаскеде бақылау камерасы орнатылды, - деді ол әкімдік брифингісінде.
Маманның айтуынша, судағы өлім жағдайларының шамамен 80 пайызы азаматтардың мас күйінде және жабдықталмаған, тыйым салынған жерлерде шомылуынан болады.
Жағажайға барғанда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін ұмытпаған жөн. Жаздың ыстық күндерінде жағажайда демалушылардың саны 1 мыңға дейін жетеді. Сондықтан да суда қауіпсіз демалу өзінің тәртібіне және азаматтардың судағы жүріс-тұрыс ережелерін орындауына байланысты. Бүгінгі таңда Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымының ашылуына дайындықты белсенді жүргізуде.
Қаланың аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, су айдындарында шомылуға тыйым салынған жерлерде ақпараттық стендтер мен 100-ден астам тыйым салатын қауіпсіздік белгілерін орнатты.
Департамент қызметкерлері мектептерде, балалар мекемелерінде судағы қауіпсіздікті сақтау туралы акциялар, түрлі конкурстар, интерактивті сабақтар өткізді. Күн сайын рейдтік шараларға құтқарушылар, полицейлер, жұмыспен қамту орталығынан қоғамдық қызметкерлер жұмылдырылады. Олар азаматтарды шомылуға рұқсат етілген орындарда және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы хабардар ету арқылы шомылу маусымын қауіпсіз етуге дайындық жүргізеді, - деді Азамат Құсайынов.