Астанада мәдениет қызметкерлерінің форумы өтеді


19-21 мамыр аралығында Астанада мәдениет қызметкерлерінің форумы өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара жыл сайын 21 мамырда атап өтілетін өнер қайраткерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған. Мереке мәдени-тарихи мұраны сақтау және таратумиссиясы жүктелген шығармашылық кәсіп өкілдерінің еңбегінің маңыздылығын көрсетеді.
Бүгінде мәдениет және өнер саласында 60 мыңға жуық адам еңбек етуде.
Форумның негізгі идеясы – саланың негізгі жетістіктерін таныстыру, кәсіби қоғамдастығын көтермелеу мен оларға қолдау көрсетудің тұрақты дәстүрлерін қалыптастыру, сондай-ақ мәдениет және мұрағат қызметкерлеріне әдіснамалық қолдау көрсету.
Мерекелік жиынға музей, театр, кітапхана, архив және мәдени-демалыс ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым мен креативті индустрия өкілдері қатысады.
Форумға қатысушылар үшін музей ісі және тарихи-мәдени мұра, кітапхана және архив ісі, театр өнері және концерттік қызмет секциялары, артефактілерді сақтау және қалпына келтіру, костюмдерді дайындау технологиялары мен бутафориялар, кітапханаларды цифрлық трансформациялаудың заманауи стратегиялары бағыттарында оқыту семинарлары, тренингтер мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.
Сондай-ақ іс-шара аясында мемлекеттік музейлер (облыстық, аудандық (қалалық) маңызы бар) және мемлекеттік кітапханалар (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар), мемлекеттік мәдени-демалыс ұйымдары (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық) арасында мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалі өтеді.