Астанада конкурдан Еуразия Лигасының Әлем Кубогы кезеңі өтіп жатыр


Бүгін Астанадағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде конкур бойынша Еуразия Лигасының Әлем Кубогы кезеңі (FEI CSI 1*-W) және атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир (FEI CDI 1*) басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
8 кезеңнен тұратын Әлем кубогының кезекті бәсекесін Қазақстан ұзақ уақыттан кейін қайта қабылдауға мүмкіндік алды. Халықаралық ат спорты Федерациясының (FEI) қолдауымен өткізіліп жатқан жарыста Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 50-ге жуық спортшы бақтарын сынап жатыр.
Осы орайда айтулы шараның салтанатты ашылуы өтіп, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Гранд жюри президенті Ие Ченг, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, Қазақстан ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев және шетелдік меймандар қатысты.
«2022 жылдың қазан айында халықаралық стандарттарға сай келетін «Арғымақ» ат-спорт кешені ашылған болатын. Сол уақыттан бері конкурды жүйелі түрде дамытып, әр белесті бағындырып келеміз. Конкур сонау 1900 жылғы II Олимпиада бағдарламасына енгізілген әрі тарихы бай. Сондықтан дәл осындай Әлем кубогын өткізу арқылы елімізде осы спорттың танымалдығын арттырып, отандық спортшыларымыз шетелдің үздік шабандоздарынан тәжірибе алады деп сенемін», - деді «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің басшысы Аманжол Хасенов.
Жарыстың алғашқы күнінде 125 метр биіктікке уақыт бойынша секіруден сайыстар өтіп, жеңімпаздардың есімі белгілі болды. Бұл сайыс түрінде көрші Қырғызстаннан келген Андрей Тряпицин бас жүлдені иеленді.
«Бірінші мәрте Қазақстан жеріндегі ипподромда сайысқа түстім. Өте қолайлы. Ауа райы да ашық болып, алғашқы сайыста чемпион атандым. Ұйымдастыру жоғары деңгейде. Үнемі қазақтың шабандоздарымен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, бұл жерде өзімді бөтен сезініп тұрған жоқпын», - деді қырғызстандық Андрей Тряпицин.
1 маусымға дейін жалғасатын Әлем кубогы кезеңінің жалпы жүлде қоры 24 000 АҚШ долларын құрайды.
8 кезеңді қамтитын Әлемдік кубокты Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Грузия, Иран елдері де қабылдайды.