Астана әкімі бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады

Бүгін, 15:55
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views69
Астана әкімі бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бокстан Ұлыбританияда өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астаналық спортшылар Ливерпульде (Ұлыбритания) бокстан өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында алтын медальдар жеңіп алды.

Санжар Тәшкенбай екі дүркін әлем чемпионы атанды. Санжар алғаш рет 2023 жылы 19 жасында 48 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионатын жеңіп алған еді, екі жылдан кейін бұл жетістігін Ливерпульде 50 кг салмақта қайталап отыр.

Айбек Оралбай өз есімін Қазақстан спорты тарихында алтын әріптермен жазды. Ол әлем чемпионатында суперауыр салмақта ел тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алды.

Нәтижесінде еліміз жалпы есепте бірінші орынға шығып, 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.

«Спортшыларымыз намысты қолдан бермей, керемет нәтиже көрсетті. Олар өз үлгісімен еңбектің, тәртіптің және өзіне деген сенімнің үлкен жетістіктерге апаратынын көрсетті. Бұл жетістіктерге бапкерлерінің де қосқан үлесі зор.

Астана ылғи да спортты қолдап, талантты спортшыларымыздың дамуына жағдай жасап келеді. Мәселен, қаламызда Боксты дамыту орталығы бар, ал биыл Бекзат Саттарханов атындағы Спорт кешені пайдалануға берілді.

Сіздерді осы жеңістеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Алда сіздерге үлкен табыстар, жаңа жетістіктер мен биік белестер тілеймін!» - деп жазды Жеңіс Қасымбек. 

Айта кетейік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатындағы (World Boxing) спорттық жоғары жетістіктері үшін бір топ спортшы мен бапкерді марапаттаған болатын.