Астана қаласы Қоғамдық кеңесі «Триатлон» паркінің аумағына мониторинг жасады

25 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Астана қаласы Қоғамдық кеңесі «Триатлон» паркінің аумағына мониторинг жасады
фото: Василий Крась

Астана қаласы Қоғамдық кеңесі «Таза Қазақстан» және «Қоғамдық экобақылау» жалпыұлттық республикалық акциясы аясында «Триатлон» паркінің аумағына мониторинг жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Алматы» ауданының әкімдік өкілі кеңес мүшелеріне жасыл желектерге қалай күтім жасалатынын көрсетті. 2024 жылы ауданда шамамен 2000 ағаш отырғызылған, олардың тек 27-сі ғана ауа райына байланысты жерсінбеген.

фото: Василий Крась

Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов бүгінгі мониторингтің негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.

фото: Василий Крась

«Қоғамдық мониторингтің мақсаты - көктемде жыл сайын отырғызылатын жасыл желектер қалай күтілуде, келешекте жасыл желектерді паспортизациялау қалай жүргізілмек, көшеттердің жерсінуін кім бақылауда ұстайды және отандық көшеттерді көбейту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген мәселелерді қамтыды. Мысалы, биыл көктемде «Алматы» ауданы тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясының аясында 2 700 ағаш отырғызыпты. Отырғызу бар да, енді оны күтіп бастау ол өз алдына үлкен бір мәселе. Міне, осы мақсатта қоғамдық мониторинг жүргізілді», - деді Зулфухар Ғайыпов. 

Жалпы биыл көктемде елордада 25 мың жасыл желек отырғызылған. Жыл соңына дейін олардың санын 65 мыңға жеткізу  жоспарланған.

Мониторинг барысында Қоғамдық кеңес мүшелері жасыл желектерді күтіп баптауда органикалық тыңайтқыштарға да назар аударған жөн екенін атап өтті. 

фото: Василий Крась

«Елордадағы жасыл желектерді күтіп ұстау мәселесі Қоғамдық кеңестің жоспарында үнемі бақылауда тұр. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық республикалық акциясы және «Қоғамдық экобақылау» бастамасы – бір күндік науқан емес. Президент айтқандай, бұл – біздің өмір салтымыз. Тек осылайша ғана біз Астанамызды жасыл желекке айналдыра аламыз. Өздеріңіз байқағандай, Астананың климаты осы жыл сайынғы отырғызылған ағаштар мен өзге де жасыл желектердің арқасында кәдімгідей өзгерді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді», - деді Зулфухар Ғайыпов.

фото: Василий Крась