Эстониядағы тарихи саябақта Димаш Құдайбергеннің құрметіне тал отырғызылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Эстониядағы тарихи саябақта Димаш Құдайбергеннің құрметіне тал отырғызылды
ашық дереккөз

Эстонияның Таллин қаласындағы ең үлкен саябақта Димаштың құрметіне ағаш отырғызылып, талдың жанына ескерткіш белгі орнатылды, деп хабарлайды Елорда Инфо dimashnews.com сайтына сілтеме жасап. Гүлдеп жатқан тал күллі Солтүстік Еуропадағы әсем де тарихи саябақтардың бірі саналатын Кадриорг саябағындағы үлкен аллеяда отырғызылған. Аталған шараны қазақстандық әншінің Эстониядағы «Dimash Estonian Dears» фан-клубының өкілдері ұйымдастырыпты. Айта кетсек, 2018 жылы эстониялық жанкүйерлер Димаштың Лондондағы концертіне барғаннан кейін 2019 жылдың наурызында «Dimash Estonian Dears» фан-клубын құрған. Фан-клубтың негізін Марика Макарова, Маргит Кару және Улле Круусе есімді жанкүйерлер қалаған. Қазақстандық орындаушыға арнап тал отырғызу бастамасын да осы жанкүйерлер көтеріпті. Қазақстандық әншінің туған күніне бір ай қалғанда эстониялық Dears Димашқа қандай сыйлық жасау керектігін ойластыра бастапты. Олардың пайымынша, ол ерекше әрі өмір бойы есте қалуы керек сыйлық болға тиіс болған. Фан-клубтың негізін қалаушылардың бірі Улле Круусе танымал тұлғалар есімдерімен аталған аллеяда орналасқан әйгілі Кадриорг саябағында қызмет етеді екен. Фан-клуб әкімшілігі көп ойланбай Димашқа арнап тал отырғызу керек деп шешкен. Димаштың атындағы тал сәуір айында отырғызылса, ал белгі қазақстандық әншінің туған күні қарсаңында орнатылыпты. Ескерткіш белгінің ашылуына Қазақстанның Эстониядағы елшісі Нұрлан Сейтімов те қатысқан.