Эпидемиологиялық жағдайды бақылайтын Е-Карантин ақпараттық жүйесі әзірленді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Эпидемиологиялық жағдайды бақылайтын Е-Карантин ақпараттық жүйесі әзірленді
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов блок-бекеттердегі жұмыс барысының жеңілдетілгенін мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Жабдықтау және қамтамасыз ету қызметі. Блок-бекеттерде әскери қызметшілерден бөлек әскери міндеттілер де, полицейлер мен волонтерлер де жұмыс істеп жатыр. ТЖ кезінде барлығы 150 адам жұмылдырылды», - дейді әкім. Ол сөз арасында коронавируспен күресте цифрландыру жүйесі көмек тигізгенін айрықша қозғап өтті. Қазір электронды қызмет айтарлықтай жақсарды. «ХҚО-лар онлайн қызметін арттырды. Сол сияқты әкімдікте де цифрландыру жұмыстарын күнделікті арттырып жатырмыз. Өз кезегінде бізге «Сергек» жүйесі де айтарлықтай көмектесті. Полицейлердің қолында арнайы планшеттері бар. Блок-бекеттердегі өткізу жүйесі мәселені ұзаққа созбай, кептеліс тудырмай жылдам шешуге көмектесіп жатыр. Сонымен қатар, Е-Карантин ақпараттық жүйесі әзірленді. Оның негізгі мақсаты – санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылау», - дейді Алтай Көлгінов. Сөзін жалғай отырып, ТЖ режимін сақтау үшін қанша адам жұмылдырылғанын мәлім етті. «Төтенше жағдай режимін сақтау үшін Қарулы Күштің жеке құрамынан 1 мыңнан аса адам, Полиция департаменті мен Ұлттық гвардияның жеке құрамынан бас-аяғы 3 мың қызметкер жұмылдырылды», - деді әкім.