#Jumeken85 өлең эстафетасын астаналық оқушылар жалғады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
#Jumeken85 өлең эстафетасын астаналық оқушылар жалғады
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дарын» мамандандырылған лицей оқушылары #Jumeken85 өлең эстафетасына қатысты. Өз кезегінде олар жыр сәлемдемесін Алматыдағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернат оқушыларына жолдады, деп хабарлайды Елорда Инфо. Елімізде көрнекті ақын, Қазақстан әнұраны авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденовтің 85 жылдығына орай #Jumeken85 өлең эстафетасы бұдан бір ай бұрын басталған болатын. Жыр сәлемдемесін өткізу – «ATYRAÝ» телеарнасының бастамасы. Басты мақсат – тұңғиық жырдың тұнығы атанған мерейгер ақынның шығармашылығын дәріптеу арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Атырауда басталған жыр шашуды Қазақстанның әр қиырындағы мектеп оқушылары іліп әкетіп, әрі қарай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орны басшылары мен зиялы қауым да жалғады. Әлеуметтік желіде қызу қолдау тапқан мәдени-көпшілік іс-шараға қатысқандар арасында өнер зерттеушісі Илья Жақанов, композитор Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Светқали Нұржан, жазушы Мереке Құлкенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова  да бар. Жалпыхалықтық сипат алған өлең эстафетасының қорытындысы ретінде Атырау облысындағы барлық мектеп оқушылары Жұмекен ақынның жырларын соңғы қоңырауда оқиды. «Волонтер жылы аясында бұл іс-шараны мектеп оқушылары ерікті түрде өткізеді. Облыстық Білім басқармасына өлең оқуды ұсыныс ретінде берді. Оқушылар мен ата-ананы қолдауға шақырамыз», – деді идея авторы, белгілі тележурналист, «ATYRAÝ» телеарнасының директоры Әуесбайдың Қанаты.