Волонтерлер штабының төрағасы: ТЖ режимі тоқтағанмен қауіпсіздік шаралары сақталуы керек
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Волонтерлер штабының төрағасы: ТЖ режимі тоқтағанмен қауіпсіздік шаралары сақталуы керек](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17212060652858830.webp)
Астаналық волонтерлер қала жұртшылығына карантин тәртібін түсіндіру үшін ірі сауда-ойын-сауық орталықтарын аралап шықты, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.
"Бүгін карантин режиміндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бойынша жұмыс жүргізіледі. Ең алдымен антисептиктерді жиі қолдану, сыртқа шыққанда маска кию, 1,5-2 метр арақашықтықты сақтау жайлы кеңес береміз. Төтенше жағдай режимі тоқтағанмен қауіпсіздік шаралары барынша сақталуы керек. Бірақ инфекция жұқтыру көрсеткіші тоқтамағанын ұмытпаған жөн. Тиісінше әр адам сақтық шараларын барынша жоғары деңгейде сақтауы керек. Түсіндіру жұмыстарын бүгін де жалғастырмақпыз. Осыған дейін ашық алаңдарда, саябақтарда жүргізгенбіз. Бүгін сауда-ойын-сауық орталықтары іске қосылды. Сол себепті біздегі 5 ірі сауда-ойын-сауық орталығын аралап шығамыз", - дейді қалалық волонтерлер штабының басшысы Шыңғыс Тілеулин.
Сонымен волонтерлер бүгін астанадағы "Керуен", "Керуен Сити", "Мега Силк Уэй", "Хан Шатыр", "Сарыарқа" орталықтарында, сол сияқты қоғамдық көліктерде де түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қажет болған жағдайда маскалар тегін таратылады.
"Қазіргі уақытта дәріханаларда маскалар қолжетімді бағада сатылады. Алғашқыдай дефицит жоқ. Бүгінгі мақсатымыз - түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бірақ қажет болған жағдайда маска таратамыз", - деп сөзін аяқтады.
Волонтерлер ең алдымен "Керуен Сити" орталығын аралап, жұртшылыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп шықты.
"Карантин тәртібі енгізілгелі бері бүгін алғаш рет жұмысымызға кірісіп отырмыз. Қазір 76 бутик ашылды. Оларға санитарлық нормалар түсіндірілді. Орталыққа кіреберісте қызметкеріміз дене қызуын тексереді. Бутиктерге антисептиктер орнатылды. Бұған қоса арақашықты сақтауға арналған белгілер қойылды. Сонымен қатар провизорлар да жұмыс істеп тұр. Ал орталықтың ішін клинингтік компания әрбір үш сағат сайын тазалап отырады. Сол сияқты кварцтық жұмыс тұрақты жүргізіледі. Ал келген жұртқа қауіпсіздік шараларын сақтау талап етіледі", - дейді "Керуен Сити" орталығының аға әкімшісі Айгерім Сембаева.
![Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173928680228674650.webp)
![Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17393332385476968.webp)
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)