Алтай Көлгінов мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады
21 мамыр – Қазақстанның мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Елорда еліміздің мәдени орталығы болып есептеледі. Мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Олар қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, елордамыздың шығармашылық жетістіктеріне, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келеді.
Қаламызда театр, мұражай, кітапхана секілді мәдени орындарға баратындар қатары жылдан жылға артып келеді. Мәдениет және өнер қайраткерлері тынымсыз еңбектеніп, өздерінің кәсібилігін шыңдап жатыр. Қалада бірқатар қоғамдық кеңістіктер ашылды, онда ашық аспан астында өнер көрсетіп, перформанстар өткізуге болады. Мұндай орындардың арасында Жастар сарайы мен Музыкалық жас көрермен театрын жалғайтын «Театр бульвары» жүргіншілер аллеясы, «Demalys Promenade» демалыс күні серуендеуге арналған көше және өзгелері бар. Бұл орындар шығармашылық әлеуетін ашқысы келетін өскелең ұрпақ үшін тартымды орындардың біріне айналды.
Құрметті мәдениет және өнер қайраткерлері! Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, шығармашылық шабыт, әрбір идеяларыңызға табыс тілеймін! – деп жазды қала әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында.