Абай атындағы балет театры 90 жылдық мерейтойына орай ерекше бағдарламалар ұсынды
Театрдың 90 жылдық мерейтойына орай өнер ұжымы екі ерекше бағдарлама ұсынды – «Абай» операсы және Симфониялық және вокалдық музыка кеші. Сонымен қатар, театр сахнасындағы өзге де іс-шаралар осы айтулы мерекеге арналды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Театр жетістіктерінің бірі – Түркістан қаласындағы гастрольдік сапарлардың сәтті өтуі. Бұл сапарда қазақ музыка мәдениетінің байлығын айшықтайтын «Қыз Жібек» операсы, сондай-ақ «Открывая Баха» және «Болеро» балеттері қойылды. Бұл туындылар театр әртістерінің орындаушылық шеберлігін және заманауи би өнеріндегі жетістіктерін айқын көрсетті.
2024 жылғы айтулы іс-шаралардың бірі – 8 және 9 маусымда өткен «Сильфида» балетінің жаңа қойылымы. Заманауи интерпретацияда сахналанған бұл балет ұлттық және заманауи балет дәстүрлерін біріктірді. Сондай-ақ танымал әртістер – Мариин театрының прима-балеринасы Ульяна Лопаткина мен британдық хореограф Акрам Хан өткізген шеберлік сабақтары жас әртістер үшін үлкен мүмкіндік болды.
Театрдың опера және балет әртістері халықаралық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, беделді марапаттарға ие болды. Мәскеуде өткен Grand Prix Надежда байқауында Богдан Вербовой бірінші орынды иеленсе, Ақыл Жуас үшінші орынды жеңіп алды. Бакуде өткен Бюль-Бюль атындағы IX халықаралық вокалистер байқауында Мақсат Саматов екінші орын алса, Мумбайда өткен «Опералия 2024 Пласидо Доминго» байқауында Нұрғалым Аманбай марапатталды.
Сонымен бірге, Нұржамал Үсенбаева атындағы халықаралық вокалистер байқауында Балуан Беркенов екінші орын, ал Нұрғалым Аманбай үшінші орынға ие болды. Будапешт қаласында өткен Budapest Ballet Grand Prix байқауында театрдың әртістері халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Балет солисі Богдан Вербовой бірінші орынды иеленсе, Ариса Хасимото Special recognition award марапатталды.
СССР Халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығы және Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай «Жұмбақ қыз» операсы сахналанып, композитордың ерекше музыкалық және драматургиялық стилі көрсетілді. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ренат Салаватовтың 75 жылдығына орай «Иоланта» операсы көрермен назарына ұсынылды.
Сонымен қатар 29, 30 қараша және 1 желтоқсан күндері театрда «Хан Сұлтан» операсының әлемдік премьерасы өтпек. Бұл туынды орта ғасырдағы ең ірі мемлекеттердің бірі – «Алтын Орда» кезеңін баяндайды. Операның басты кейіпкері – Алтын Орданың әйгілі билеушісі Хан Сұлтан.
Осы жетістіктер Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жоғары деңгейдегі дайындығын және өнер ордасының әлемдік музыкалық, балет өнеріне қосқан үлесі зор екенін көрсетеді.