00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Наз» мемлекеттік би театры мерейтойлық қойылым ұсынды

22 қараша, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Наз» мемлекеттік би театры мерейтойлық қойылым ұсынды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының 25 жылдығы аясында «Алдар көсе» хореографиялық спектаклі ұсынылды. Бұл қойылым – театрдың XXV маусымдағы ірі жобаларының бірі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қойылым алдында сахнадан әртүрлі ұйымнан келіп жеткен құттықтаулар оқылып, марапаттар тапсырылды. Ұлттық ғылым академиясының академигі, TURKSOY халықаралық ұйымы Бас хатшысының Қазақстан бойынша кеңесшісі, Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев TURKSOY медальдары мен Құрмет грамоталарын Бас хатшы Сұлтан Раевтың атынан тапсырып, құттықтау хатын оқып берді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Оңаева «Наз» театрының тарихына, өнерде алатын орнына тоқталып, министр Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді. Өнер ұжымын Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Талпақова құттықтады. Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов қала әкімі Жеңіс Қасымбектің жылы лебізін жеткізді.

«Құрметті «Наз» мемлекеттік би театрының ұжымы! Сіздерді 25 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! «Наз» мемлекеттік би театры – Қазақстандағы бірегей, кәсіби театр, өнер жолында үлкен белестерді бағындырып, халқымыздың би өнерінде мол рухани азық беріп келе жатқан өнер ордасы. Сіздер ұлттық өнерімізді насихаттау арқылы еліміздің мәдени құндылықтарын сақтап, ұлттық мұрамызды байытып, көркемдік тұрғыдан дамытып келесіздер. Көпсалалы ұлттық өнеріміздің бір саласы – театр өнері. Еліміздің өркениеті мен мәдениетін би тілімен жеткізіп жүрген ұжымның алар орны ерекше. Сіздердің әрбір қадамдарыңыз би өнерін жаңа деңгейге көтеріп, ел руханиятын байыта түсуде. Сіздерге сарқылмас шығармашылық шабыт пен жаңа жетістіктер тілеймін! Театрдың келешегі жарқын болып, би өнеріндегі талантымен халқымыздың мақтанышына айнала беріңіздер», - делінген Астана әкімінің құттықтауында.          

«Алдар көсе» хореографиялық спектаклі либреттосының авторы – Нұрлан Сегізбаев. Қоюшы балетмейстерлер – Уәлитбек Сиязбеков пен Әмина Самарбаева. Композиторы – Алмабек Мейірбеков. Қойылым «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен ұсынылды. Музыканы өңдеген әрі дирижерлік еткен – осы оркестрдің көркемдік жетекшісі Қасым Айтбаев. Алдар көсе бейнесін Санат Қалимбетов сомдады.   

Спектакльде Алдар көсенің бастан кешкен оқиғалары, сараң байдың қулығы мен жамандығы әшкере болады. Ғашықтар оқиғасы да қамтылған. Көрермен Елентай мен Айсұлумен бірге қуанып, бірге мұңаяды.

«Театрдың басты ұстанымдарының бірі – қазақ фольклоры мен этнографиясын насихаттау болса, қойылымда қазақтың тұрмыс-салт жырлары, дәстүрлері де көрініс табады. Жалпы «Наз» мемлекеттік би театры соңғы жылдары қазақ хореографиясында ерекше орын ала отырып, тек танымалдыққа ғана қол жеткізбей, сонымен қатар көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді. Театр шығармашылығы тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де танылды. Осы уақыт ішінде театр хореографтары өз қойылымдарында романтикалық нәзіктік пен драмалық шиеленістен бастап, кең ауқымды эмоциялар мен терең сезімдерге дейінгі түрлі оқиғаларды көрсетуге жетті. Театр бірнеше буын хореографтар мен орындаушыларды тәрбиелеп, олардың еңбектері арқылы театрдың даңқты дәстүрлерін жалғастырып келеді. Театрдың жетістігі мен құпиясы да, бәлкім, осы адалдық пен шеберлікте жатқан шығар», - дейді «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Еркебұлан Ағымбаев.

                                                                             Аманғали ҚАЛЖАНОВ