00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалық еріктілер екпенің маңызы жайлы буклеттер таратты

15 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордалық еріктілер екпенің маңызы жайлы буклеттер таратты
ашық дереккөз

Аталған шара аясында еріктілер мен Полиция департаментінің қызметкерлері халық көп жүретін орындарды аралап, тұрғындарға, сатушылар мен кәсіпкерлерге карантин талаптарын еске салды. Екпенің маңызын түсіндірді. Бүгінгі шараға 13 ерікті қатысып отыр. Олардың арасында кәмелет жасқа толмағандар бар, ал 18 жастан асқаны түгелімен вакцина салдырған.

«Бір аптадан бері екпенің пайдасына қатысты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып отырмыз. Бұл жұмыстарға жастар жағы белсенділік танытып келеді. Сонымен қатар ауданымызда тұратын көпбалалы аналар, ПИК төрағалары мен депутаттар да бұл бастамаға атсалысуда. Алдағы аптада базар басшылары тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Екпе ғана індеттен құтқарады. Әлем бойынша зерттеліп, дәлелденіп отырған вакцинаны барлығымыз салдыруымыз қажет. Бұл – әрбір адамның азаматтық парызы деп ойлаймын. Себебі екпе алып, өзіңді ғана емес, отбасыңды, әріптестеріңді, қоғамды вирустан қорғайсың. Мақсатымыз – 2 тамыздан бастап Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтатылатынын жеткізу, Ashyq жобасына қатысудың жолдарын түсіндіру. Қаулы, ресми ақпараттарды тұрғындардың қабылдауы қиын, сондықтан біз ақпараттық-жадынама таратудың маңызы жоғары деп отырмыз. Бұл қағаздар жерде қалмайды, себебі ішіндегі мағлұматты өзі оқымаса үйіндегі баласы оқиды», - дейді Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Жаулыбаев.

Волонтерлар тұрғындар арасында екпеге қатысты екіұдай пікірді бір жақты етуді көздейді, сонымен қатар халықты әлеуметтік желілерде желдей ескен қаңқу сөздерге емес, ресми ақпараттарға сенуге шақырды. Сонымен қатар кәсіпкерлерге Ashyq жобасына қатысудың жолдарын жеткізді.

«Ең алдымен, Infokazakhstan.kz сайтына кіріп, ұйымды ЭЦҚ арқылы тіркеу керек. Екінші, Бас санитар дәрігердің қаулысын жүктеп, сіздің нысаныңызға қойылатын талаптармен танысып, оны электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландыру қажет. Сосын «Менің өтінімдерім» бөлімінде санитарлық нормаларға сәйкестік актісін аласыз. Төртінші, жеке кабинетке және электронды поштаға дайындық туралы актіні алып, жұмысты бастайсыз. Infokazakhstan.kz сайтында QR-код алуға өтініш беру үшін «Менің өтінімдерім» бөлімінде «Ashyq QR» батырмасын басасыз, деректеріңізді енгізіп, жеке кабинетіңізге өтесіз. Өтініш бергеннен кейін, өтініміңіз «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік өкілдігіне түсіп, жоба шарттарына сәйкестігі тексеріледі. Бәрі дұрыс болса, Іnfokazahstan.kz платформасы QR-код шығарады. Кодты алып, 1 апа бойы сынақ режимінде жұмыс істейсіз. Қосымшаны сәтті қолданып жатсаңыз, әкімдік нысанды сайттағы тізімге қосады», - деп түсіндіріп берді «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің координаторы Олжас Амангелді.

Бүгінде індеттен қорғанудың оңтайлы жолы – вакцина салдыру мен бетперде режімін сақтау. Тұрғындар жиі шоғырланған орындарда бетперде тағып жүруді, вакцина салдыруды жұрт назарына салған арнайы топ 3 сағаттың ішінде мың дана буклет таратты. Иммундық терапия қабылдап жатқан науқастар, онкологиялық есепте тұрғандар мен жүкті әйелдерге вакцина салуға болмайды. Ал маусымдық аллергиясы бар адамдар міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек. Аллергологтар оларға ауруынан айыққан соң міндетті түрде вакцина алу керектігін айтады. Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі. Кез келген препаратты салмас бұрын медицина қызметкері пациенттің аллергиясы бар-жоғын сұрайды. Сол сияқты екпенің аллергиялық әсерін алдын ала білу мүмкін емес екен. Себебі әр ағза әртүрлі. Шұғыл әрекет ету мақсатында азаматтар екпе алғаннан кейін 30 минут бойы медициналық бақылауда, яғни, медициналық мекеме ғимаратында болғаны жөн. Осы уақыт ішінде вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ