00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Ақмоншақ Нұғман: Балалардың құқығын қорғауда көптеген жұмыс атқарылып жатыр

Ақмоншақ Нұғман: Балалардың құқығын қорғауда көптеген жұмыс атқарылып жатыр
фото: Ақмоншақ Нұғманның жеке мұрағатынан

Елімізде кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекеттік әлеуметтік-құқықтық саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Осыған орай республикамызда бала құқығын қорғау жүйесі жылдан жылға жетілдіріліп келеді. Бұл туралы елордадағы Ілияс Жансүгіров атындағы № 58 мектеп-гимназия директоры Ақмоншақ Нұғман айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бала құқығын қорғау мәселесі ең алғаш рет 1994 жылы Балалар құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаудан басталды. Қазақ­стан бұрынғы кеңестік елдер кеңіс­тігінде алғашқылардың бірі бол­ып Конвенцияға қосылды және оны ратификациялады. Ал Қазақстан заңнамасында алғаш рет кәмелетке дейінгі балалардың құқықтарына арналған нормалар «Неке және отбасы туралы» ҚР Заңында қабылданды. Бүгінде ҚР Конституциясында кепілдік берілген баланың негізгі құқықтары мен мүдделерін «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» Заң реттейді. Бұл дегеніміз әр баланың өмір сүруге, қорғалуға, денсаулығын сақтауға, баспанаға, білім алуға, жеке даралыққа және оны сақтауға, мемлекеттік көмек алуға құқығы бар. Болашақ ұрпақтың саналы болуына отбасындағы және мектептегі тәрбиенің маңызы зор.  Қазір қолданыстағы заңнамамыздың өзінде балаға дұрыс тәлім-тәрбие беруде ата-ананы міндеттейтін арнайы бап бар. Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Көп ата-ана баланың материалдық қанағатын өтеуді тәлім-тәрбие берумен шатастырып алды. Қандай жағдай болса да, бала мүддесін бірінші орынға қойғанымыз жөн», - дейді мектеп директоры.

Ақмоншақ Нұғманның сөзінше, мектеп қабырғасында оқушылардың құқығын қорғауды барлық мектеп қызметкерлері бірігіп жүзеге асырады.

«Бала тәрбиесінде отбасы мен білім ордасындағы ұжым үлкен рөл атқарады. Қазір әр мектепте психолог, учаскелік инспектор, әлеуметтік маман бар. Олар өз кезегінде кез келген жағдай мен туындаған мәселенің себеп-салдарымен жұмыс істейді.  Білім беру саласында мемлекеттің басты мақсаты – барлық балалардың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Соңғы жылдары инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып, қазір мектепте ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдайлар жасалуда. Денсаулық сақтау саласында балаларға тегін медициналық қызмет көрсету кеңінен қолжетімді болып отыр. Қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламалары арқылы балаларды вакцинациялау және тамақтану сапасын жақсарту жұмыстары жүзеге асырылуда. Әлеуметтік қорғау саласында балалар үйінің орнына отбасылық тәрбие мен қамқоршылық жүйесін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жетім балалардың қоғамға толыққанды бейімделуіне мүмкіндік береді. Байқағанымыздай, соңғы жылдары балалардың құқы­ғын қорғауды қамтамасыз ету мақсат­ында көптеген жұмыс ат­қар­ыл­ып жатыр», - дейді Ақмоншақ Нұғман.