Абзал Әжіғалиев: IX Қысқы Азия ойындары - биылғы басты спорттық дода

30 қаңтар, 2025
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Абзал Әжіғалиев: IX Қысқы Азия ойындары -  биылғы басты спорттық дода
фото: Қанат Байұзақов

Қысқы Азия ойындарына баратын спортшылардың ішіндегі ең танымал жерлестеріміздің бірі - елордалық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев. 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында жүлдеге бір қадам жетпей, 4-орынға тұрақтаған Абзал Elordainfo.kz сайтына Харбинде өтетін қысқы Азиада туралы ойымен бөлісті.

— Шорт-тректен ерлер бәсекесінде 2011 жылғы Алматыда өткен қысқы Азиадада алғаш және әзірше бір ғана жүлдені иемденген едіңіздер. Сол кездегі жүлде сіздерге қаншалықты әсер етті?

— Иә, Алматыдағы қысқы Азия ойындары есімде. Ал 2017 жылы Роттердамдағы әлем чемпионатына басымдық беріп, қысқы Азия ойындарына қатыспадық. Енді міне ұзақ жылдан кейін Харбинге аттанғалы жатырмыз. IX Қысқы Азия ойындары - биылғы басты спорттық дода. Еліміздің намысын абыроймен қорғап, Қазақстанды жақсы жағынан танытуға тиіспіз. Жүлде алуға барымызды саламыз.    

— 14 жылдан кейін қайтадан қысқы Азия ойындарына қатысқалы жатырсыз. Бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жүлде күтетін спорттардың қатарына шорт-тректі қосып еді. Бірақ жеке сайыстан әлі жүлде алмағанымызды ескерсек, бұл міндет қаншалықты қиын болмақ?

— Шорт-тректен 2024 жылғы әлем чемпионатының нәтижесіне үңілсеңіз, 9 жүлде жиынтығының 4-уінде Қытай, 1 сайыста Оңтүстік Корея чемпион атанды. Қысқы Азия ойындарына тек Азия құрлығының мемлекеттері қатысса да, спортшылары өте жоғары деңгейде. Ал елімізде бұл спорт түрі 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасынан соң танымалдылыққа ие болды. Қазақстанның да әлемдік додаларда өзіндік орны бар. 4 әлем кубогының кезеңіне қатыстық. Соңына дейін күресеріміз түсінікті. 

— Шорт-тректен нидерландтық маман Вилма Бумстра шақырылды. Осы орайда шетелдік кеңесші жаттығуларыңызға қаншалықты өзгешелік енгізе алды?

— Вилма Бумстраның тәжірибесі мол. Нидерланд пен АҚШ құрамасымен жұмыс істеген. Шорт-тректе танымал тұлға. Бізбен былтырдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашқы маусымы. Негізгі басымдықты қысқы Азия ойындары мен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына береміз. Қазіргі сәтте тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Нәтижесін алдағы уақытта көресіздер.

—Біршама уақыт Оңтүстік Кореяда жаттығып, енді ұлттық құрама сапында әлем кубоктарының кезеңдеріне қатысып жүрсіз. Толық бабыңызға ендіңіз бе?

— 1,5 жылдан кейін шорт-трекке қайта оралдым. Оған дейін Оңтүстік Кореяда жаттықтым. 4 әлем кубогы артта қалды. Ақырындап бабымызға еніп келе жатырмыз. Алда әлем чемпионаты мен қысқы Олимпиада ойындары күтіп тұр.