Футбол: Ұлттық құраманың нәтижесіне қатысты Скотт Манн үндеу жасады

Бүгін, 10:59
Думан Аманжол Думан Аманжол
Футбол: Ұлттық құраманың нәтижесіне қатысты Скотт Манн үндеу жасады
Фото: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Скотт Манн ұлттық құраманың соңғы нәтижесіне қатысты жанкүйерлерге үндеу жасап, іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін футбол жүйесіне кешенді талдау жүргізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Федерация өкілі ұлттық құрама көрсеткен соңғы нәтижені сын көтермейтін көрсеткіш деп бағалады. Оның айтуынша, жанкүйерлердің наразылығын түсінуге болады және федерация бұл жағдайға жауапкершілікпен қарайды.

«Федерация ретінде біз отандық футболдың дамуына және құрамаға қатысты қабылданатын шешімдерге тікелей жауаптымыз. Сондықтан бүгін ақталып немесе жауапкершілікті жекелеген адамдарға арта салғым келмейді.

Дегенмен, біз кәсіби тұрғыда әрі бірізділікпен әрекет етуіміз керек.

Алдымызда осы іріктеу кезеңінің тағы екі матчы бар: сырт алаңда Молдовамен және Астанада Словакиямен ойнаймыз. Қазіргі басты міндетіміз – осы кезеңді мейлінше абыроймен аяқтау. Біз бұл ойындарды өткізіп, жағдайға адал баға беріп, содан кейін ғана жүйелі шешімдер қабылдауымыз қажет.

Іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін біз бапкерлер штабымен және Федерация басшылығымен бірлесе отырып, ұлттық құраманың жұмысына толық талдау жасаймыз. Команданың дайындығы, кадрлық шешімдер, жаттығу процесі, бапкерлер штабының жұмысы мен нәтижелері – барлығын егжей-тегжейлі қарайтын боламыз.

Сонымен қатар талдау тек негізгі құраммен шектелмейді. U-15, U-16, U-17, U-19 және U-21 жасөспірімдер мен жастар құрамаларынан бастап, ұлттық командаға дейінгі дайындық жүйесі қайта қаралады. Сондай-ақ Техникалық орталықтың, Ұлттық құрамалар департаментінің және ойыншыларды дамыту жүйесінің жұмысына баға беріледі.

«Біз үшін қазір не болып жатқанын ғана емес, бұл жағдайға қалай тап болғанымызды түсіну өте маңызды.

Бұл өте ауқымды әрі кешенді талдау болмақ. Оның қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданады. Алға даму үшін ең түбегейлі әрі қатаң шешімдерге де баруға дайынбыз.

Біздің стратегиялық мақсатымыз – Еуропа чемпионатына шығу. Ал кезекті іріктеу кезеңіне дайындықты дәл қазірден бастауымыз керек.

Жанкүйерлердің сенімі құр сөзбен емес, нақты нәтижемен ақталатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан бүгін құрғақ уәде бергім келмейді», – деді Скотт Манн.

Ол федерацияның мәселеге көз жұма қарамайтынын және Қазақстан футболын тұрақты дамыту үшін қажетті шараларды қолға алатынын жеткізді.

Еске салсақ, ел құрамасы семсерлесуден әлем кубогы кезеңінде бақ сынайтынын жаздық.