00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Дүние есігін ашқан сәбилерге домбыра сыйға тартылды

15 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Дүние есігін ашқан сәбилерге домбыра сыйға тартылды
ашық дереккөз

Жаңа туған оннан астам сәбиге ҚХА логотипі бар ұлттық аспабымыз - домбыра сыйға тартылды. Әрбір сыйлық Қазақстан халқы Ассамблеясының құттықтау сөзімен сабақтасып, оларға еліміздің лайықты азаматы болуға тілектер айтылды. «Бабаларымыз ежелден домбыраны қазақтың жанымен пара-пар деп кие тұтқан. Сондықтан да ақын Қ.Мырза Әлі «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дейді. Ассамблея жыл сайын дәстүрлі түрде перезентханаларға барып, дүние есігін ашқан сәбилерді мерекемен құттықтайды. Шараның маңызы - балаларды ұлтжанды, асқақ рухта тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау. Балаларға домбыраның құлағында ойнайтын дәулескер күйші болсын деп ырымдап ұлттық аспабымызды сыйға тартсақ, аналарға гүл шоқтарымызды ұсындық», - деді этносаралық қатынастар жөніндегі бөлім басшысы Гүлнар Тайгокова. Перезентханадағы аналардың қуанышын еселеген қайырымдылық акциясы қазақтың ұлттық аспабы - домбыраны дәріптеуге бағытталған. Акушерлік бөлім директорының орынбасары Шұғыла Есембаеваның айтуынша, мереке күндері мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрады. «Күн сайын осы орталықта 30-40 сәби дүниеге келеді. Ал бүгін бұл күн ерекше атап өтілуде. Себебі дәл домбыра күні босанған аналарды ҚХА өкілдері арнайы құттықтап келіп жатыр. Енді ғана өмір есігін ашқан баларға ақ жол тілеп, қолдарына қасиетті домбыраны ұсынып жатқан Ассамблеяға ризамыз. Өйткені, өмірінің бірінші күні қолына домбыра ұстаған сәбилердің өскенде халқының мақтанышына айналарына сенеміз. Түске дейін дүиеге 13 сәби келді. Барлығына осы сыйды табыстадық», - деді Есембаева. Акция әрбір үйде домбыра ұстау маңызына бағытталған. Сондай-ақ байырғы дәстүрді жандандыруға әрі ұлттық код ерекшелігіне, ата-бабаларымыздың тарихы мен мәдениетіне арналған. Осы арқылы  ежелден келе жатқан қазақ халқының ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға үндейді. Іс-шара қажетті санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

Көктем ҚАРҚЫН