00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Көктал-2 тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізіп жатыр

15 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Көктал-2 тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізіп жатыр
ашық дереккөз

Көктал ауданының тұрғыны Рыскүл Накупова былтыр ғана үйіне газ кіргізген. «Астананың алты ай қысында тапқан табысымның жартысы отын мен көмірге жұмсалатын, ал қазір газ келіп, айына 1000 теңге төлеп отырмын», - дейді тұрғын. «Желтоқсан айында газ келіп, қалада өмір сүретінімізді сезініп жатырмыз. Бір шетінен көмірге де үнем болды, қыста 120 шаршы метр үйге 18-20 мың төледім, 40 градус аязда 22-25 мың теңге төлеп жүрдім. Газ келмей тұрып ай сайын 2-3 тонна көмір жағатынбыз. Биылғы қысты от жақпай, көмір тасымай, күл шығармай өткіздік. Қазір айына газ үшін 1000 теңге төлеп отырмыз. Халыққа жағдай жасап отырған елорда әкімі Алтай Көлгіновке алғысымды білдіремін. Деніне саулық, отбасына амандық тілеймін!», - деді 75 жастағы қала тұрғыны. Рыскүл Накуповаға газды жалпы құны 380 мың теңгеге кіргізген. Оның 262 мың теңгесін әлеуметтік көмек ретінде мемлекет өтеп берген. «Монтаж жүргізу жұмыстарына 150 мың теңге төленді. Мен пешті қымбатқа (230 мың теңгеге) алып қойдым. Қазір ол пештер 90 мың теңгеден тұр. Пешін қымбатқа алып, газ кіргізу үшін 700 мың, 1 миллион теңгеге дейін шығынданғандар бар», - дейді тұрғын. Әкімдік әрбір үйге дейін көшенің бойымен газ құбырын тегін тартады. Әрі қарай ішке қосу заң бойынша әрбір тұрғынның өзінің міндеті. «Барлығын есептегенде газ кіргізу 500-600 мың көлемінде шығып кетеді. Енді үйдің көлемі үлкендеу, қожайынның пешке қатысты талғамы басқаша болса, одан да көп шығын болуы мүмкін. Сондай-ақ жобада газға қосылған әрбір адамға есеп құрылғыларын тегін беру қарастырылған. Ол құрылғылар заманауи, пульт арқылы басқарылады. Есепті алу үшін мамандардың бұрынғыдай үйіңізге келуі міндетті емес, бәрі қашықтан жіберіледі. Әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектерге 90 АЕК (262 530 теңге) мөлшерінде көмек қарастырылған. Бүгінде 107 тұрғын осы көмекті алды», - деді жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқарма басшысының орынбасары Бахтияр Гарифуллин. Әлеуметтік көмек көлемі аспайтын газ құбырын орнату және жүргізуге байланысты өтініш берушінің нақты шығындарының негізінде анықталады. Газдандыру басталған сәттен бастап Нұр-Сұлтан әкімдігі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйін газға көшіру бойынша әлеуметтік көмек көрсету тетігін енгізді. Басты талап – үй иелері мен отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйдің болмауы және төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы (153 872 теңге). Әлеуметтік көмекті алу үшін өтінімді egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы қалдыруға болады («электрондық өтініштер» – «қызметке онлайн тапсырыс беру». Өтінім беруші бағанында тұрғын үйді газдандыруға әлеуметтік көмек, өтінім қабылдаушы бағанында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасын таңдау қажет).

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ