Елордалық балалар пицца әзірлеуді үйренді
Балалармен жұмыс істеу қиындық тудырмайтынын айтқан «Muskat food» аспаздық студиясының директоры Дильназ Юланова алдағы уақытта балалардың аналарына да шеберлік сабақтарын ұйымдастыратынын жеткізді. «Менің негізгі мамандығым мұғалім болғандықтан балалармен тіл табысу оңай. Бүгінгі шараға көпбалалы, жалғызбасты отбасыдан шыққан 4-15 жас аралығындағы балғындар қатысып отыр. Балалар пиццаның түр-түрін пісіріп, тәттілерге қарық болды. Олар қуанса, өзімді бақытты сезінемін. Шараны әр апта сайын қыркүйек айына дейін жалғастыру жоспарда бар. Сонымен қатар көпбалалы, жалғызбасты аналарға да ас әзірлеуден тегін шеберлік сабақтары ұйымдастырылады» — деді ол. Бүгінгі кештің қонағы Томирис Асқарова – 15 жаста. Ол қазірден тәтті әзірлеудің қыр-сырымен танысып, болашақта өз кәсібін ашуды армандайтынын айтты. «Бүгінгі шара туралы әлеуметтік желіден көрдім. Мен болашақта аспаз болғым келеді. Сол мақсатымды орындау үшін қатысып отырмын. Бүгін бұрын білмеген, естімеген ақпараттар алдым. Мастер-кластар жиі ұйымдастырылса, жақсы болар еді. Алдағы уақытта тәтті торт пісіруде үйренгім келеді» — деді ол.
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ