00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мамандық таңдау балабақшадан басталады

15 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мамандық таңдау балабақшадан басталады
ашық дереккөз

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, ҰБТ сіз министрлікте Жоғары білім департаментіне басшылық еткен кезде енгізілді емес пе? Әңгімемізді ҰБТ-ның тарихынан бастасақ…

– Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері білімді дамыту бойынша бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Әр бағдарламаның нақты міндеттері мен мақсаттары, айқындалған бағыттары болады. Сонымен бірге олардың нәтижеге жеткізер тетіктері де қарастырылады. Мектеп бітірушілердің білім деңгейін айқындайтын ҰБТ жүйесі 2004 жылы енгізілді. Білім бәсекесінде мықтыларды анықтайтын, әрі ашықтық пен әділдік орнататын жол ретінде таңдалған бұл жүйе оң қоғамдық пікір қалыптастырғаны белгілі. Осыған байланысты оқушылар әлдекімнің көмегіне емес, өзінің біліміне жүгіне бастады. Тамыр-таныстықпен жоғары оқу орындарына түсу ықтималдығы күрт азайды. Ал ата-аналар балалары мектепте жақсы оқыса, білім грантына ілініп кетеріне сенімді болды. – Дұрыс айтасыз. Білім министрлігі биыл ҰБТ жүйесіне өзгерістер енгізіп, жетілдіріп жатыр. Сол жөнінде де айта кетсеңіз. – Шын мәнінде ҰБТ – әлемнің көп елінде бар, өзін-өзі ақтаған, әрі жетілдіріп отыратын жүйе. Күнде бір өзгеріс әкеліп отырған алмағайып мынау заманда оны жетілдіріп, өмір ағысымен өзгеріп отырмасақ, кейін қалып қою қаупі басым екенін ұмытпауымыз керек. Биылғы ҰБТ-дағы басты жаңалық – оның электронды форматта болатындығы. Бұрын ҰБТ-да кітапшаның қағаз нұсқасымен жауап парағы берілсе, енді мектеп бітірушілер компьютер арқылы тапсырады. «Бір тест тапсырушы, бір компьютер, бір камера» қағидаты бойынша іске асырылады. Бұрынғы тестілеуге екі міндет жүктелгені есте болар. Мектеп бітіргендігіне байланысты аттес­тат алумен бірге, жоғары оқу орындарына конкурсқа қатыса алу мүмкіндігі біріктірілген болатын. Ал соңғы жылдары тестілеу халықаралық тәжірибелерге сәйкес, Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ны тек жоғары оқу орнына түсу үшін мемлекеттік грантты бөлетін комиссияға қатысу мүмкіндігін беріп отыр. – Мектеп қабырғасындағы жоғары сынып оқушыларының көпшілігі әлі де мамандық таңдамаған. Тіпті түлектер балы жеткен мамандыққа грантқа түседі де, кейін жұмыссыздар қатарын толтырады. Сіздің ойыңызша мамандық таңдауды қай кезден бастау керек? – Жалпы, мектеп түлектері үшін маңызды мәселелердің бірі – мамандықты дұрыс таңдау екені белгілі. Алған білімді кәдеге жарату, дұрыс таңдау жасап, болашақ кәсібінің нәсібін табу мақсатында мамандықты айқындап алу өте маңызды. Ата-ананың, ұстаздардың ақыл-кеңесімен көп болып кеңескенде, дұрыс шешім шығатыны тағы да шындық. Кейбіреулердің мамандық таңдау­ды жоғары сыныптарда ғана ойлана бастайтыны дәлелдеуді қажет етпейді. Маман ретінде мен маманданудың әліппесін балабақшадан бастау керек дер едім. Баланың қабілетіне, икемділігіне, ептілігіне, ыңғайына қарап ата-аналар бүлдіршіндерін сурет салуға, би билеуге, көптеген спорт үйірмелеріне, яғни қосымша білім беру ұйымдарына беруінің өзін баласының болашағына деген жанашырлық деп бағалағанымыз абзал. Осы мәселеде барлық ата-аналардың пікірі бір жерден табылып жатса, нұр үстіне нұр болары анық. Жоғарыда сөз еткен тәртіппен тәрбиеленген оқушының 5-6 сыныптардан-ақ кемел келешекке көз тіккен қасиеттері «менмұндалап» шыға келетінін көріп те, естіп те жүрміз. Биыл мектеп бітірушілер ҰБТ-да қандай мамандықтарға басымдық беру керектігіне тоқталайын. Күніне мың құбылып тұрған қазіргі кезеңде ертеңгі күні сұранысы сұрақ тудырмайтын мамандықтардың алдыңғы сапында IT мамандары, ақпараттық-коммуникациялық технологияны игергендер, цифрландыру сырын білетіндер, индустриялық-инновация дамыту бағытындағы химия-технология, тау-кен, мұнай-газ мамандықтары көш бастап тұр. Сондай-ақ мемлекеттік маңызы зор, ел Президентінің тарапынан қолдау көрсетіліп отырған педагогикалық және медицина мамандықтарын таңдағандар да осы қатардан табылатыны талас тудырмайды. – «Жаңа мамандықтардың атласы» жобасы ақпарат құралдарында көп жазылып, айтылып жүр. Осы жөнінде де көзқарасыңызды білдіре кетсеңіз. – Бұл жөнінде білім саласының білікті сарапшысы Саясат Нұрбектің ақпарат құралдарында берген пікірін алға тартып әңгімелегеніміз дұрыс болар. Ол білім беру саласы мен еңбек нарығының арасындағы байланыс­тың жоқтығы бүгінде мамандық таңдауда проблема туындатып отырғанына тоқталады. Оның сараптамалық пікірі «Атамекен» ҰҚП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың: «Білім бағдарламаларының 32%-ы ғана жұмыс берушілердің көңілінен шығады, 15,6 %-ы іске жарамсыз, қалған 52 %-ы күрделі өзгертуді қажет етеді. 29 университеттің білім бағдарламасының 80%-ы өзекті емес… 45%-нда қоғаммен қарым-қатынас орнату, командамен жұмыс істеу, өз ойын ашық жеткізу, сыни ойлау қабілеті сияқты еңбек дағдылары жоқ» деген ойымен бір жерден шығып жатқанын айтуымыз керек. Сол себепті ол «Жаңа мамандықтар атласы» жобасын жасауды қолға алғанын түсіндіре келе, Атлас – алдағы 10-15 жылға арналған перспективалы салалар мен мамандықтардың болжамды картасы екендігіне ерекше екпін түсіреді. Мектеп бітірушілерге бізге қай салалардың белсенді дамитынын, сол салаларда қандай жаңа технологиялар, өнімдер, басқару тәжірибелерінің пайда болатынын және жұмыс берушілер қандай жаңа мамандықтарды қажет ететінін жоспарлаған жобамен терең танысуды ұсынар едім. – Білім және ғылым министрлігіндегі ұзақ жылдық іс-тәжірибеңізге сүйене отырып, үлкен өмірге енді қадам басқан түлектерге нақты қандай кеңес бересіз? – Көптеген түлектердің гуманитарлық мамандықтарға, атап айтқанда, халықаралық қатынастар, халықаралық экономика мамандықтары, заңгер, қаржыгер сияқты мамандықтарды таңдап, бөлінген гранттың аздығына байланысты «Алтын белгі» иелерінің өздері грантқа ілікпей қалып, өзектері өртенгеніне куә болғанымды айта отырып, мектеп бітірушілерді алдын ала сақтандырғым келеді. Сонымен бірге, гранттар көп бөлінеді, ілініп кетермін деп, жүрек қалауынсыз техникалық мамандықтарға түскен студенттердің бірінші семестрден кейін оқудан шығып жатқаны да өтірік емес. Сондықтан мамандық таңдау­да, қателікке бой алдырмай, өзің қалаған, талай жыл талаптанған, армандаған маман болуға тырысу керек. Армандар алдамайтынына сенген дұрыс. – Мамандықты оқытатын жоғары оқу орындарын таңдау бойынша да сараптамалық пікіріңізді білгіміз келеді. – Мамандыққа сәйкес жоғары оқу орындарын таңдағанда да талғамдық танытқан дұрыс. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Білім және ғылым министрлігі біраз университеттің лицензиясының күшін жойып, оларды жауып тастағаны ақпарат құралдарында айтылып, жазылып жүр. Мектеп түлегі ең алдымен университеттің лицензиясының бар-жоғына көз жеткізуі керек. Сонымен бірге, Ұлттық аккредитеттеу органдары берген сертификаты бар екендігін білу де маңызды. Министрліктің аттестаттау комиссиясының оң қорытындысы мен «Атамекен» ұлттық палатасының рейтингісіндегі орнын да анықтап алған артық етпейді. Жұмыс берушілер мен университет түлектерінің беретін бағасының да пайдасы мол екенін ұмытпағанымыз жақсы. Мәні зор мамандық пен ол бойынша білім қызметін көрсететін университет таңдауда да түлектеріміз талғампаздық танытқанын қалар едім. – Биылдан бастап минис­трлік ЖОО-ға жеке дербестік беріп, дипломдарды да өзіндік үлгіде үлестірмек. Бұл өзгеріс білім саласын қай жаққа қарай жетелейді? – Жалпы, әлемдік практикада мемлекеттік диплом деген түсінік жоқ. Әрбір университеттің өзіндік диплом беруі қалыптасқан жағдай. Қазақстанда тұңғыш рет осындай қадам жасалып отыр. Осыған байланысты ел арасында екі түрлі пікір орын алуда. Біріншісі, әр жоғары оқу орны өз дипломын бергенде, жалған дипломдар қаптап кетпей ме десе, екіншісі, мемлекеттік диплом болмаған соң, бақылаудан шығып кетіп, білім сапасы төмендеп кетпей ме деп алаңдайды. Маман ретінде, Білім және ғылым министрлігінің бұл қадамын құптағанымыз дұрыс сияқты. Заңнамалық актілерге сәйкес, жоғары оқу орындарына дербестік берілді. Енді олар білім беру бағдарламаларын өз бетінше даярлап, жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша мамандықтардың мазмұнына өзгерістер енгізе алады. Университеттердің сапалы мамандар дайындауға қажеттілігін, мүдделігін арттырады. Өйткені жұмыс берушілер университеттің дипломдарына емес, мамандардың дайындық сапасына басымдық беретін болады. Яғни, білім сапасын арттыруға бағытталған жаңашылдық деп қабылдауға болады. – Статистика бойынша оқу орындарында ақылы негізде оқитын студенттердің саны көп екен. Алайда оқу ақысы жылдан жылға еселеп көбеймесе, азаймай тұр. Ата-аналардың бәрінің бірдей қалтасы бұл қаржыны көтере бермейді ғой. – Ол рас, ақылы бөлімде оқитындар саны 60-70%-ды құраса, ал грантпен оқитындар үлесі – 30-40% төңірегінде. Менің жеке пікірім, білімі бар баланың білім грантын жеңіп алу мүмкіндігі мол. Білім беру гранттары мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық ұйымдардың сұранысы бойынша қалыптастырылатынын естен шығармағанымыз абзал. Демек, бөлінген грант ел экономикасы қажетті мамандарды қамтамасыз етеді деген сөз ғой. Ал ақылы түрде білім алам деушілерге есік ашық. Ата-аналардың қалтасы көтере алмайды екен деп, оқу ақысын азайтуды дұрыс шешім деп есептемеймін. Түлектердің білім деңгейі грант алуға жеткіліксіз болды ма, тағы да дайындалсын. Болмаса, колледжге немесе кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына барып, бағын сынасын. – Бірнеше жылдан бері Елбасының тапсырмасына сай колледждерде техникалық мамандықтар тегін оқытылып келеді. Бірақ қазақтың қара домалақтары сол білімді менсінбей жүр. Машинаңызды жөндетсеңіз де, үйге сантехник шақырсаңыз да, құрылыста да өзге ұлттың өкілдері көп. Ал солар кабинетте отырған заңгерден 2-3 есе көп ақша табады. Бұл жайлы не ойлайсыз? – Мұның басты себебі – түлектер мен олардың ата-аналарының жоғары білім беретін дипломға деген «махаббаты» екенін ашық айтуымыз керек. Балам маман болсын, келешекте нанын тауып жейтін кәсіп иесі болсын дегеннен гөрі, әйтеуір университетті бітіріп диплом алса болды, әрі қарай бір мәнісі болар деген үміттің басым болатынын көріп жүрміз ғой. Бұл қате пікір екенін біз айтпағанда кім айтады? Сөзімнің басында айтқанымдай, баланы икемдігіне қарай, болашақ мамандыққа машықтандыра берген дұрыс. Осылай тәрбиеленген баланың келешегі кемел болатынына кепілдік беруге болады. – Кәсіптік білім жайлы ойы­ңыз қандай? Жастардың біразы 4 жыл оқып алған дипломын сандыққа салып қойып, заман талабына сай курстар оқып нәпақа тауып жүр. – Шынын айту керек, қазір кәсіптік білімге «мұрнын шүйіріп» қарайтындардың қарасы көбейді. Жоғарыда айтқанымдай, көптің көксегені – жоғары білім. Тағы да қайталап айтамын, білім мен білігің дипломмен өлшенбейді, сапалы мамандық иесі атанумен айқындалады. Әлемнің көп елдерінде 4-5 жылын оқуға арнамай, өзіңіз айтқандай, қысқа мерзімді курстарды тәмамдап, біліктілік сертификатының арқасында кәсібінің нәсібін тауып жүргендер аз емес. Мамандық таңдауда осы жағын да ойласақ, артық болмасы анық. Ең бастысы, ертеңгі қалыпты өмір сүруіңіздің кепілі – мамандыққа байланысты екенін естен шығармау маңызды. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН