00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақ идеясы Қазақстанды алға сүйрей ме

15 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақ идеясы Қазақстанды алға сүйрей ме
ашық дереккөз

– Жанұзақ Меңдешұлы, бір сұхбатыңызда рушылдықпен күресіп келе жатырмын депсіз. Қоғамның осы дертімен әлі де алысып жүрсіз бе? Оның заманы өткен жоқ па? 

– Қазақтың намысына тию үшін, яғни оның тектік санасын ояту үшін оның руына тиіссең жеткілікті. Ал қазақты жер-жебіріне жеткізіп жамандап жатсаң да көбі тырп етпейді. Ол ұлттық сананың әлі толық жетілмегенін, төмен екенін көрсетеді. Бұл – қазақтың «феномені». Ағайын ренжімес! Біз өмірде өзімізге алдымен не керек екенін түсінбей дүбәра болып жүрген қоғамбыз. Қазаққа алдымен қазақ халқының бірлігі, одан кейін Қазақстан мемлекетінің бірлігі және үшінші: түркі халықтарының бірлігі қажет және осы үш бірлік сақталғанда біздің тәуелсіз мемлекетіміз баянды болады. Қазақтың тұтас ұлт болып қалыптасуына кедергі екі нәрсе бар: бірінші – ол ана тілін білмейтін, яғни ұрпағын ана тілінде тәрбиелей алмайтын мәңгүрттер және екінші – тұтас ұлтты ата, ру, тайпа жүзге бөлетіндер. Бұл – екеуі ұлттың қалыптасуына кедергі болатын саналық немесе рухани дебилизмнің түрлері. Себебі мұның екеуін де өркениетті елдердің ешқайсында кездестірмейсің. Мысалы, 1920-1930 жылдардағы 4 млн-нан астам (60-65 пайыз) қазақтың жаппай аштан қырылуы мен 1937-1938 жж. 60 мыңдай қазақ, мұның ширегіндей ғана өзбек, қырғыздың репрессияға ұшыруының негізгі себептері сын сағатта ұлт мүддесі үшін күреcпеу, ұлттық бірліктің жоқтығынан болды деп ойлаймын. Мысалы, А.Байтұрсынов үш рет түрмеге отырып келгеннен кейін оның үстінен төртінші рет арыз жазып, атқызған өз қандастары. Егер Ұлы Отан соғысы басталып, елдің көңілі түгелдей соған аумағанда, қазақ бір-бірін соттата берер ме еді, кім білсін?! Трайбализм – қазаққа тоталитарлық жүйеден қауіпті құбылыс. Себебі ол – сананы құрт жеген қоғамда болатын дерт. Ол суицид сияқты медицина емдей алмайтын психологиялық ауру деп айтар едім. Біздің жерімізге тағдырдың жазуымен қаншама ұлт қоныс аударды. Енді соларды біріктіретін бір идея керек. Тілдік бірлік, моральдық бірлік пен дін бірлігі – үшеуі мәнді елдің бір ұстанымы. Біз осы бағытты ұстануымыз қажет.

Елді біріктіретін мақсат керек

– Өзіңіз айтқандай, рулық бөліністен кетіп, тұтас қазақ идеясына келу жолы қандай? Жалпы «Қазақ идеясы» деген не?

– Нақты ұлттық идеясы жоқ мемлекет – ол мұхиттағы компассыз кеме сияқты. 1991 жылдан бері Қазақстан жаһанданудың толқынында жүзуде. Әлемдік философияда (Гете, Шпенглер, Ильин, т. б.) ғылым, мәдениет, қоғам мен мемлекет дамуының негізі ұлттық идея екені дәлелденген. Әлемдегі елдердің 80 пайыздан астамы – ұлттық мемлекеттер. АҚШ-тың өзі ағылшын тілі мен мәдениетіне негізделген. Ұлт пен мемлекет ондаған-жүздеген қабат кірпіштен қаланған ғимарат сияқты. Кірпіштің әр қабаты – ол бір ұрпақ. Олардың әрбір қабатының ғимарат тұрғызудағы үлесі бірдей. Бұл мемлекеттің іргетасы түбі бір түркіде жатыр. Егер мемлекеттің іргесі мен қабырғасы берік болса, онда ғимарат мәңгі тұрады. Сол сияқты хандар мен қазіргі билік арасына іріткі салып, кейбіреулердің тарихты қолдан жасауға тырысуы – осы ғимаратты құлатуға талпынғандардың әрекеті. Мен өзім қандастарымыздың қай-қайсысын да ел ішінде іріткі салады деп айтуға қимаймын. Қазақтың жалпы барлық уақыттағы хандары (кешегі, бүгінгі, ертеңгі) жақсы болғанда, қоғам өркениетті елдер қатарына қосылады. Тәуелсіз Қазақ елінің тұрақтылығы мен өркендеуі ұлтты бір тудың астына біріктіру арқылы осы мемлекеттің негізін салып, жерді ұлғайтып және керек кезінде сақтап қалу жолында күрескен ұлы хандар мен батырларды құрметтеуден басталады. Елдің тарихы мен ата дәстүріне (тіл, дін, діл) беріктік – мемлекеттің мәңгі жасауының кепілі. Бүгінгі қазақ қоғамы – ұлт болып толық қалыптаспаған халық деңгейіндегі қауым. Төрт құбыласы тең ұлт болып қалыптасу үшін алдымен барлық қазақ бір тілде (ана тілінде) сөйлеп, оған отбасын тәрбиелеп, ұлттың озық дәстүрі мен моралін, бір дінді ұстанулары керек. Сол жағдайда ғана ойлау жүйесі бірдей қалыптасқан, ой-арманы да бір, ұлтты және елді біріктіретін мақсат пен мұрат жолында күресетін біртұтас ұлтқа айналамыз. Ұлттық бірлікке немесе ұлттық мемлекет бірлігіне кедергі келтіретін мәңгүрттік, трайбализм сияқты алғашқы қауымдық және тоталитарлық жүйелерден қалған кедергілермен ымырасыз күрес жүргізуіміз қажет. Мемлекет құрушы ұлттың өкіліне, әрбір қазаққа тек қазақтарды ғана емес, қоғамдағы басқа этносты да қазақ ұлтының айналасына ұйыстыруға (қазақ тілін үйрену, елдің тарихы, дәстүрі мен мәдениетін білуге, Брусиловский, Хамиди, Бельгер, т. б. сияқты ел дамуына үлес қосуға) атсалысу жолында үлкен жауапкершілік міндеттейді. Бүгінгі «Қазақ идеясы» дегеніміз: – Ұлттық идеясын іске асыратын қазақ зиялыларын қалыптастыру; – Ұлттың тілі, дәстүрі, моралі, өнері, мәдениетін қоғамды біріктіретін және дамытатын күшке айналдыру; – Ұлттық мемлекет институттарын, оның ішінде адам капиталы (білім, ғылым, медицина, тұрмыс деңгейі, өмір ұзақтығы, т. б.), инновациялық экономикаға көшу мен қоғамды жан-жақты дамытудағы қазақ идеясының рөлін айқындап, оны қоғамның барлық саласына енгізу; – Ұлттық және адамзатқа ортақ ұстанымдарға негізделген, энциклопедиялық білімді интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Мысалы, бұл бағыттағы жұмыс нәтижелі болу үшін отарлаушылардың саясатын жүргізуге, бұратана халықтарға арнап ашқан аралас оқу орындары жабылып, ұлттық оқу-орындарына айналу керек; – Шығатын заңдар мен экономикалық реформалар қазақтың менталитеті мен тіліне негізделгенде ғана ол елге тиімді, қоғамды дамытатын және жемқорлықпен нақты күресетін құралға айналады. Жалпы «Қазақ идеясы» дегеніміз – ұлтты жаһанданудан қорғайтын, тәуелсіз Қазақстанның ғасырлық мақсат-мұраты мен сара жолын айқындап, елдің қайта өрлеуін іске асырудың рухани, экономикалық, саяси базасын қалыптастыратын қазақ ұлтының идеясы. Әр заманның өз идеясы болады. Бүгінгі «Қазақ идеясының» негізгі ұстанымдары жоғарыдағыдай.

Қалай алып қарасақ та бір ұлтты мемлекетпіз

– Айта-айта жауыр болған тақырып болса да, тіл мәселесін көтеріп жүрсіз. 2020 жылға дейін 90 пайыз қазақстандық қазақ тілін біледі деді. Бірақ бұл аңыз емес пе? 2023 жылдан бастап латын графикасы мектеп бағдарламасына енбек. Жалпы латынға көшу қазақ тілінің дамуына қаншалықты ықпалын тигізеді?

– Қазақ бар кезде қазақтың тілінің мәселесі тұрады. Тіл мәселесі орыстарда да бар. 150-ден астам елде «Русский мир» деген қор жұмыс істейді. Неге? Кеңес Одағы тарағаннан кейін 250 млн адамның 100 миллионы кетті. Ал олардың тілі ұмыт қалмай, халықаралық тіл деңгейінен түспес үшін бұл орталықтар елшіліктен де артық жұмыс істеп жатыр. Біз де осылай жұмыс жүргізуіміз керек. Мемлекеттік тіл – адам капиталын дамытудың басты көрсеткіші. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін немістер «біз жеңілдік, ел болмаймыз» деп жаппай ағылшын тілін оқытады. АҚШ Маршалл бағдарламасы аясында көп ақша бөледі. Бірақ реформа нәтижелі болмайды. Өйткені немістің менталитеті мен ағылшындікі екі түрлі. Айтылған сөз бен істелген іс, ой бөлек. Сондықтан жұмыс алға баспайды. Соны түсініп немістер қайтадан өз тіліне көшкеннен кейін қазір Еуропадағы ең ірі экономикасы бар қуатты мемлекетке айналды. Жапондар да өткен ғасырда Мэйдзи реформасының аясында ұлттық менталитетке негізделген экономиканы дамытудың жолы – «Z теориясын» іске асырды. Экономиканың заңдылығы бойынша ол ұлттың менталитетіне негізделгенде ғана мықты дамиды. Жапондардың теориясын АҚШ өздеріне енгізейін десе, менталитеті батыстық ол елге келмейді. Себебі дәл сондай эффект бермейді. 1880-90 жылдары Латын Америкасындағы 15 ел азаттығын алды. Солар ең мықты заң АҚШ-тікі деп, ол елдің Конституциясынан бастап барлық заңдарын өздеріне көшіріп алды. Одан бері 140 жыл өтсе де олар дамыған жоқ. Себебі ағылшынның заңы батыс менталитеті мен ағылшын тіліне негізделген. Ал Латын Америкасындағылар испан тілді, мәдениеті шығыс. Содан келеді де заң жұмыс істемейді. Ол заңның орнына жемқорлық, нашақорлық жаппай белең алады. Сондықтан біз барлық заңдар мен экономикалық реформалар жүзеге асуы үшін мемлекеттік тілімізді дұрыстауымыз керек. Бүгін қазақтың саны 70 пайыздан асты. Мектеп пен ЖОО-да жастардың 80 пайызы – қазақ, балабақшада – 90 пайыз. Бұл қай жағынан қарасақ та бір ұлтты мемлекет екенімізді көрсетіп тұр. 1923 жылы Кемаль Ататүріктің өзі бастап Түркияда латын графикасын енгізді. Содан бері барлық түркі жұрты латынға ауыса бастады. Біздің де латынға көшуіміз керек. Себебі кириллицаны әлемдегі 2 пайыз ел ғана қолданады. Медицина түгелдей латында, ғылым, технология, ақпараттық құралдардың бәрі латында. Осы уақытқа дейін жазған дүниелерді қайта басуға тура келсе де, қазіргі техниканың заманында бұл үлкен проблема емес. Біз қашан латынға көшеміз, сол кезде дамимыз.

Ұлттық брендке көңіл бөлсек

– Ауыл шаруашылығында ұлттық брендтерімізді өсіруіміз керек деп жүрсіз. Аграрлы мемлекет ретінде бұл бізге қаншалықты тиімді? Сіз айтып отырған ұлттық брендтік өнім деген не?

– АҚШ, Қазақстан, Германия ғалымдары Ақмола облысында ашқан «Ботай мәдениетінде» осыдан 6 мың жылдай бұрын жылқыны алғаш қолға үйреткені және қымыз алғаны дәлелденді. Ашытып қымыз алу биотехнологиялық әдіске жатады. Оның ғылыми жолын Еуропада тек ХІХ ғасырда дәлелдеді. Біздің бабаларымыз қымыз, қымыран, жент, құрт, т. б. өнімдерді алу және мұздатқышсыз оларды ғасырлар бойы сақтау әдістерін ойлап тапты. Етті сүрлеу, оны кептіріп пайдалану да Еуразияда көшпенділерден тараған. Жерорта теңізіндегі Кипр аралында (бұрынғы аты «Алашия») «Бешбармақ» деп аталатын тау бар. Ол сол өңірге Шумер, Микен, Мысыр, Аккад, т. б. өркениеттерді орнатуға осыдан 5 мың жылдай бұрын барған көне түркілерден қалған. Мысалы, тек ұннан майға пісірілетін бауырсақтың өзі – басқа бірде-бір халықта жоқ қазақтың бренді. Ковид қазіргі өркениет анықтамасының, негізі, алдымен «халал мен харамды» ажыратуда екенін көрсетті. Мысалы, бақа, жылан, шаяннан бастап талғамсыз тамақтанатын Қытайдан әлемге бубон обасы (ХІІІ ғ. Еуропа халқының 40 пайызын қырған), соңғы 20 жылда доңыз тұмауы, құс тұмауы, ковид тараса, фаст-фудпен тамақтанатын АҚШ халқының 65 пайызы семіздікпен ауырғандықтан, ковидтен 500 мыңнан астам адам өлді. Әлі күнге дейін 22 млн гектардай жерге бидай егіп келеміз. Бұл 1954 жылы Африканың, Азияның коммунистік елдерін бидаймен асыраймыз деген Хрущевтің тың игеруінен басталған. Тыңға дейін қазақтар тары жеді, жүгері екті, бидайды көп білген жоқ. Ал бидайда қант көп. Содан барып бізде қант диабеті, онкологиялық, жүрек аурулары көбейді. Сондықтан біз бидайды азайтуымыз керек. Тарыға, жүгеріге көшу керек. Тарыда 19 түрлі минерал бар, барлық витаминдер кездеседі. Америкалық ғалымдар тарыны таңертең жейтін ең құнды ас деп санайды. Жүгері мен тары гектарына 60-70 центнерден өнім береді. Ал бидай 10-12 центнер ғана береді. Қанша шығын? 22 млн га еккен бидайдың 1/4-1/3 шіріп жатыр, анау-мынау деп өтірік есептер береді. Ол кімге керек? Түбінде дотация, субсидия алу үшін бюджеттің ақшасын ұрлау болып шығады. Жүгері – малдың азығы, экспорттық тауар, адамның азығы. Кавказ халықтарының ұзақ өмір сүруінің себебі олар жүгеріден нан жейді, жүгеріден көже ішеді, сосын таза ауа. Біз халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін бидайдан кетіп, жүгеріге келуіміз тиіс. Екінші – жайылымдық мал мәселесі. Жайылымдағы қазақтың ақбас сиырлары, еділбай қойларының 1 кг етінің құны 1 доллар 20 цент (500 тг). Базардағы еттің құны – 2000 теңге. 4 есе арзан. Әлемдегі ең арзан ет – Қазақстанның жайылымдағы малының еті. Біз осыны дамытуымыз керек. Соңғы 4 жылда Қытай бізден қаншама ет алып жатыр. Осыған жағдай жасауымыз қажет. Келесі – бекіре балығы. Әлемдегі бекіренің 40 пайызы – еліміздің Жайық өзені мен Каспий акваториясында. 1 кг қара уылдырықтың құны орташа 5000 долларға дейін барады. Құдай беріп тұрған осы салаларға басымдық беріп, дамытуымыз керек. Бұл – біздің мыңдаған жылдан бері келе жатқан ұлттық брендтеріміз. Тағы бір мәселе – колхоз, совхоздың кезінде көктемде еш жерді су баспайтын. Соңғы кезде неге су басып жатыр? Біз ауылдарды қолдаудан қалдық. Бұрын ауыл айналасына ағаш егілетін еді. Олар қарды тоқтатады, сосын қар суы баспайтын. Арық жоқ. Астананың өзінде арық атымен кездеспейді. Келген су арықпен кету керек. Бірінші кезекте жыл сайын су басатын ауылдарға тоған жасау қажет. Көктемде топан су басқаннан, жазда мал суаратын, бау-бақша егетін жер жоқ. Тоған жасап қойсаң бір жағына бақша егесің, бір жағына малға жайылым жасайсың. Бау-бақша деген – витамин. Бізде ауыл халқына жетпейтіні – сол. Көктем ҚАРҚЫН