Өлеңдер көп болғанмен, осы уақытқа дейін ән жазылмапты – Абайға арналған тұңғыш әннің авторы
Бүгінде мерейтойы жалпыхалықтық кең көлемде аталып жатқан қазақтың бас ақыны хакім Абайға арналған өлең көп болса, ән жалғыз. Ол – «Абай өлеңі» әні. Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі «Абай өлеңі», «Құнанбай» әндерінің авторы, композитор, Қазақ өнерінің қайраткері Кентау Назарбекпен осы әндер төңірегінде сұхбат құрды. – Кентау Қуантайұлы, Абай күні құтты болсын! «Абайдың өлеңі» әнінің тарихына аз-кем тоқталып өтсеңіз. – Рақмет. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы баршамызға құтты болсын! Осы уақытқа дейін Абайға арналған өлеңдер көп болғанмен, ән арналмапты. Мен өзім Абай елінің тумасымын. Сол жерде өсіп-өніп, ұлы тұлғалардың философиясын, жазған дүниелерін бойымызға сіңіріп өскендіктен, бабаларымызға бір ән арнауым керек деген мақсатта осы тектес әндерді зерттедім. Бірақ оның көбінің мазмұны «бабам осындай еді» деген сияқты адамның жеке басына арналып жазылыпты. Былай қарағанда, адамның данышпандығы оның ісінде ғой, жазғанында, айтқанында. Сол себепті Абайға арналған өлеңдерге үңіліп, Әділғазы Қайырбеков ағамыздың кітабынан керегімді тауып, «Абай өлеңі» деген ән жазылды. https://www.youtube.com/watch?v=2K1M5tUduQI&feature=youtu.be – Қай жылы жазылды? – Осыдан біршама жыл бұрын Семейде ән-кешім өткелі жатқан. Содан осында Фариза Оңғарсынованың үйіне барып, шақырту қағазын бердім. Бірақ ол кісі денсаулығына байланысты кешіме бара алмайтынын айтты. Фариза апамның қолынан шай ішіп, біраз әңгімелестік. Оның сөзіне жазылған әндерімді тыңдаттым. Сөйтіп, ақын апамның рухани әңгімесіне сусындап, үйге шабыттанып келіп, осы әнді жазуға кірістім. Бұл 2005 жыл болатын. – Сонда бұл ән 15 жылдан бері жарыққа шықпаған ба? – Алдыңғы жылы Абай музейінің ұжымынан осы әнді өздерінің Әнұраны етіп бекіткендері туралы хат келді. Жалпы, бұл ән бұрынғы кештерімде бірер мәрте ғана орындалған. 2016 жылдары болуы керек. Содан бері көп еш жерде орындалған жоқ. «Қазақ» радиосының алтын қорында бар. Бірақ онда қаншалықты беріліп жатқанын білмедім. Дегенмен қазіргі уақытта Қайыржан Бердібаевтың орындауындағы осы әнге әзірленген бейнежазба әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таралып жатыр. Сонымен қатар бұл бейнежазба Ұлттық академиялық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Еуропа елдерінде ашылып жатқан Абай орталықтарында үнемі шырқалып тұрады екен. – Ал «Құнанбай» әні қашан жазылды? Қазір бұл әнді кім орындап жүр? – «Құнанбай» әні бір-екі жылдай бұрын жазылды. Мәтіні Төлеген Жанғалиев ағамыздікі. Қазір бұл әнді ауылдағы шәкіртім Қонысбек Байдашев орындап жүр. Абай еліне барған қонақтарды қарсы алу, шығарып салу кездерінде осы ән орындалып жүр деп естіп жатырмын. Карантинге дейін Семей өңіріндегі жиын-тойларға да «Құнанбай» әнін орындау үшін шақыртулар жиі болып тұрған екен. Жалпы, жұртшылық бұл әнді жоғары бағалап жатқан көрінеді. – Сұхбатыңызға рақмет.