00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Трансформер сөмке тігіп танылған кәсіпкер: Ұлттық өнімді әлемге экспорттағым келеді

14 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Трансформер сөмке тігіп танылған кәсіпкер: Ұлттық өнімді әлемге экспорттағым келеді
ашық дереккөз

Карантин кәсіпкерлерге қалай әсер етуде? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде Елорда Инфо тілшісі жас кәсіпкер, DamysBrand компаниясының негізін қалаушы, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, «Жылдың үздік дизайнері – 2019» медалінің иегері Дамыс Болатханмен сұхбат құрды. – Дамыс мырза, әңгімені бірден медициналық бетпердеден бастасақ. ТЖ кезінде бетперде тіккендеріңіз туралы естідік. Тегін үлестірдіңіздер ме?  – Иә, тегін де үлестірдік. Карантин кезінде ішерге асы болмай, тұрмыстық қиындық көріп отырған бірқатар отбасыға ерікті жастармен бірге азық-түлік тараттық. Сол кезде өзіміз тіккен бетперделерді тегін де үлестірдік. Негізінде бетперде тігеміз, оны таратамыз деп ойлаған жоқпыз. Алайда төтенше жағдай жарияланып, елде бетперде жетіспеушілігі болған кезде өзіміз қаншама тігін машинасын ұстап отырғандықтан, 10 шақты метр мата сатып алып, туыстарымызға тігіп бердік. Одан кейін жұртшылыққа жаппай таратпасақ та, мұқтаж отбасыларға ұсындық. Сол кезде бетпердені тек өзіміз ғана тігіп қоймай, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке тәжірибемізбен бөлісіп, біршама адамға үйреттік. Егер мата жоқ болса, ескі-құсқы киімнен де бетперде тігуге болатынын көрсеттік. – Ал сатылымдағы құнын қаншаға бағаладыңыздар? – Сатамыз деп те ойлаған жоқпыз. Дегенмен тігіп жатқанымызды көрген соң тапсырыстар да түсіп жатты. 1 бетперденің сатылымдағы бағасы 500 теңге болды. – Жалпы, бетпердені тігудің талаптары бар ма? Мысалы, қолдан тігілген бетперделерге логотиптер жаздырып, тастармен көмкергендер де бар. – Аса айтарлықтай талабы жоқ. Дегенмен демалуға ыңғайлы болатындай матаның жұқалтаң болғаны жақсы. Содан соң гигиеналық тазалық сақтау үшін бетперденің ішкі жағын ақ матадан болуын ескерген жөн. Себебі ақ матадан оның кірленгені тезірек байқалады. Резіңкесіне де мән берген дұрыс. Әйтпесе, байқасаңыздар бетперделердің көбісі қатты тартылып тұрғандықтан, адамдардың құлақтарын қалқитып жіберді. Оның бостау болғаны абзал. Тұтынушылардың тапсырысы бойынша біз де бетпердеге олардың қалауынша логотип, аты-жөндерін, өздеріне ұнайтын кез келген жазуды тігіп беріп отырдық. – Жаңа ТЖ кезінде мұқтаж отбасыларға азық-түлік апарғандарыңыз туралы айтып өттіңіз. Жалпы, қайырымдылықпен де айналысасыздар ма? – Әрине. Бұл тұрғыда қайырымдылықпен айналысып жүрген елге белгілі блогерлердің бірі Батыржан деген азаматтың септігі тиді. Алдағы уақытта да қайырымдылық шараларымыз өз жалғасын табады деп үміттенеміз. – Бәрекелді. Карантин кәсіпкерлерге қалай әсер етуде? – Қандай кәсіп болсын өте ауыр болды. Әсіресе маған қаттырақ әсер етті. Неге десеңіз, осы уақытқа дейін 15 шаршы метр, кейіннен 30 шаршы метрлік орынды жалға алып, мен өзім ғана жұмыс істеп келгенмін. Бұрыннан дүкен ашу, кеңсе ашу арманымыз болған еді. Сол көп жылдық жоспарымызды енді ғана жүзеге асырып, 15 наурыз күні қазіргі кеңсеміздің ашылу салтанатын жасағанбыз. Алайда 17 наурыз күні карантинге жабылдық. Ашыла салып, 1-2 күннен кейін қайтадан жұмысты тоқтату мен үшін өте ауыр болды. Дегенмен өз басыма ғана емес, еліміздің, тіпті бүкіл әлемнің басына төнген дағдарыс болғандықтан, тоқырау кезінде бір тоқтап, біраз дамылдап, жоба-жоспарымызды қайтадан бір қарап шықтық. Ұжымымыз тарағанмен, мен өзім арасында кеңсеге келіп, жоспар құрып, аяқталмай қалған тапсырыстарды орындап жүрдім. – Төтенше жағдай режимінен кәсіпкер ретінде қандай сабақ алдыңыз? Енді нені өзгертуіңіз мүмкін? – Орынды сұрақ. Жалпы, біз күнделікті қым-қуыт тіршілікпен жүріп, басқалардың жағдайына үңілмей кетеді екенбіз. Құдайға шүкір, жағдайымыз керемет болмаса да, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз ғой. Алайда ТЖ кезінде күнкөрісі төмен отбасылардың жағдайын көргенде көп ой түйдік. Қазақстанда шағын өнеркәсіптің дамуына ат салыссақ, қазақ жастарының кәсіпкерлікке көптеп тартылуына үлес қоссақ деген ой пайда болды. Елімізде жастарды бизнеспен айналысуға баулитын мектептер, мотиваторлар саусақпен санарлық екенін көріп жүрміз. Мемлекет тарапынан бизнеске қолдау жасайтын бір ғана ұйым ол – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы. Бұл, әрине, аздық етеді. Жалпы, әр іспен айналысу үшін ми жақсы жұмыс істеуі керек. Ал біздің миымыз жалқаулау ғой. Соған қозғау салатын, миды дамытатын тұлғалар, ұйымдар өте көп болуы керек. Негізі біз қиындық көріп жүрген адамға психолог керек деп ойлаймыз ғой. Бірақ мен «боламын, жасаймын» деген адамға психолог, яғни бизнес-психолог қажет деп ойлаймын. Сонда адамдардың ісі алға басады. Бұл тұрғыда бізде олқылықтар жетеді. Өзім осындай жағдайды бастан өткергендіктен, алдағы уақытта осы олқылықтардың орнын толтырғым келеді. – Бизнес бастау үшін сіз өзіңіз кімнің кеңесіне жүгіндіңіз? Сіздің миыңызға кім қозғау болды? – Абай атамыз айтпақшы, өзін-өзі жеңген адам ғана барлығын жеңе алады. Яғни, оның ішінде нәпсіні бағындыру да бар. Мен арнайы курс оқымасам да, өз-өзіммен көп жұмыс жасап, әр жерден өзіме керегімді ала білдім. Мотиваторларды да тыңдадым. Әлемнің және қазақ ойшылдарының сөздеріне де үңілдім. Жалпы, әр адам өзіне сенуі керек. Біз көбіне барлығын сырттан іздейміз. Мысалы, ақшадан қысылсақ, көкелеріміз көмек жасап жіберсе деп ойлаймыз. Оның барлығын өзіміздің ішімізде тұнып жатқанын көре бермейміз. Өз-өзімізге мүмкіндік жасамаймыз. Бір ойшылдың мынандай сөзі бар: «Адам өзіне мүмкіндік берген сайын күн сияқты жарқырай түседі» деген. Сол сияқты мен өз-өзіме мүмкіндік беріп, өзімнің қырларымды аша білдім. «Сен өмірге кедей болып келсең, кнәлі емессің, ал өмірден кедей болып өтсең, өзің кінәлісің» деген тағы бір ойшылдың сөзі бар. Сондықтан бар мүмкіндікті пайдаланып, еңбек ету керек. Өйткені сенің ойыңдағы дүниені ешкім келіп тура сондай деңгейде жасап бермейді, оны тек өзің ғана жасай аласың. Тіпті жасап берген күннің өзінде ниетің болмаса, одан түк шықпайды, яғни шайнап берген нәрсені де жұта алмауың мүмкін. Содан соң кейбір адам тәубесін, ата-анаға деген ризашылығын ұмытып жатады. Ата-анасына көлік немесе үй алып бермегені үшін ренжитіндер де бар. Алайда олай дұрыс емес. Ата-анамыз бізді осы өмірге 12 мүшемізді сау қылып әкелгені үшін, мәпелеп өсіргені үшін, тәрбиелеп, мектепте оқытқаны үшін шексіз ризашылығымызды білдіруіміз керек. Мен тәубені, Аллаға деген шүкіршілікті, ата-анаға деген ризашылықты ешқашан естен шығармауға тырысамын. – Өзіңіз туралы аз-кем айтып өтсеңіз. Жасыңыз нешеде? Кәсіпті бастағаныңызға қанша уақыт болды? Бұл кәсіпке қалай келдіңіз? Негізгі мамандығыңыз қандай? – Қазір 28 жастамын. Кәсіп бастағаныма 2 жыл болды. Бала кезімнен кәсіпкер болуды армандадым. Жақсы киінетін, жақсы көлігі бар орта жастағы азамат маған кәсіпкер болып елестейтін. Қазір Құдайға шүкір, сол образды өзімнен көремін. Тырмысып кәсібімді аштым, жақсы көлікті де алдым. Әрине, қымбат көлікті ұстап тұруға аздап қиналуым да мүмкін. Дегенмен соған лайық болуға тырысып бағудамын. [caption id="attachment_20111" align="alignnone" width="1080"] Фото: Дамыс Болатхан/Instagram[/caption] Моңғолияда дүниеге келгенмін. 2004 жылы ата-анамызен осында, Ақмола облысының Ерейментау өлкесіне көшіп келдік. 3-сыныптан бастап мектепті сол жақтан бітірдім. Содан арман қуып, астанаға келіп, осында денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығында оқыдым. Қаладағы №66 мектеп-лицейінде 5 жыл денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет еттім. Ол қызметті де абыроймен атқардым деп ойлаймын. Балаларға тек доп беріп қана шектелмей, дұрыс тәрбие беруге тырыстым. Бабалардың өсиетті әңгімелерін де айтып жүретінмін. Оқушылардың мектепке деген құрметі, бір-бірімен қарым-қатынасы қандай болуы керектігі жөнінде де жанашырлықпен айтатынмын. Олардың да ұлттық құндылық тұрғысындағы әңгімені жақсы қабылдайтынын байқайтынмын. Ұйып тыңдайтын. Жалпы, әр азаматта елге, жерге, Отанға, отбасына, ұлттық құндылықтарға деген махаббат болады. Ал біз Моңғолияда тұрғанда да, ес білгеннен салт-дәстүрімізді санамызға сіңіріп, төрт түлік малды танып, жылқы ұстап, бәйгеге шауып өскен қазақпыз ғой. Бала күнімде кейін көлік алғанда ішін қазақы ұлттық ою-өрнекпен безендіруді ойлайтынмын. Өз ұлтын сүйетін азамат өзінің ұлттық құндылығымен мақтанып, соны өзінен бастауы керек қой. Мен де не нәрсенің бәрін өзімнен бастаймын. Содан көлігімді ұлттық нақышта жабдықтау кезінде ондай іспен айналысатын адамдарды таппадым. Алайда адамның жасағанын адам жасайды ғой, «менің олардан қай жерім кем?» деген оймен оны ешкімге жалынбай, өзім жасайын деп шештім. Әлеуметтік желілерден көп қарадым. Бірақ оны жасау үшін тігін машинам, құрал-жабдығым болмады. Бала күнімде анамның іс машинасын пайдаланып, өз киімімнің өлшемін қысқартып немесе кеңейтіп алатынмын. Осы іске өзімнің қабілетімнің бар екенін білмеген екенмін. Сөйтіп, ешкімнен үйренбей, өз бетімше ізденіп, тігін машинасын сатып алдым. Басында тігістерден басым қатып кететін. Мектептегі жұмысыммен қатар алып жүрдім. Арасында такси боламын. Мұғалімдік жұмысымды тастағым да келмеді. Алайда бала кездегі арманымды жүзеге асыру керек болған соң бір жағына шықтым. Кәсіпті дөңгелету үшін қыруар қарызға кірдім. Кейде жұмыс дұрыс жүрмей, несиені екінші несиемен жапқан кездер де болды. Басында менің жұмысыма ешкім мән бермеді. Тіпті көршілерім де менің немен айналысатынымнан бейхабар болыпты. Мектептегі жұмысымнан босаған уақытта жертөледегі 15 шаршы метрлік орында түнімен тігін тігіп, көзім әбден қызарып жеткенше жұмыс істейтінмін. Бір істі бастасам, таң атқанға дейін соңына жетпейінше отыратынмын. Кейін 30 шаршы метрлік орынға ауыстым. Содан қашанғы тігін тігіп, бір орында отыра беремін деп, бизнесті үлкейтуді қолға алдым. Осылайша, жоқтан бар жасап, тынбай еңбектенудің, төзімділіктің арқасында бүгінгі жағдайға жеттік. – Қазір қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз? – Қазір ұжымда өзімді қосқанда 7 адам жұмыс істейміз. Айта кету керек, кәсіп бастауда мен тек тігуді ғана үйренген жоқпын. Іс жүргізу, оның есебі, тапсырыс қабылдау, келіссөз жүргізу, тауарды жарнамалаудың бәрін меңгеруге талпынып, соның бәріне уақыт табуға тырыстым. Сөмкелерді тігетін 3 шебер дайындап жатырмын. Бір маманымыз әлеуметтік желіні сауатты жүргізумен айналысады. Жұмысты үйлестіретін директор тағайындадық. Мен компанияның негізін қалаушы ретінде келіссөздермен, басқа да өзіме тиесілі істермен шұғылданамын. – Қандай өнім шығарасыздар? Тапсырысты тек әлеуметтік желі арқылы қабылдайсыздар ма? – Тапсырыс бойынша түрлі сөмке тігеміз. Оған тапсырыс берушінің қалауына қарай жазу, логотип тігіп береміз. Біздің сөмкелердің бағасы 10 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін барады. Жалпы, мені көпшілікке танытқан авторлық сөмкем – DamysBrand трансформер. Олай дейтінім, бұл сөмке жан-жағынан ашылады. Оған костюм-шалбарды да, туфлиді де, керек заттарды да, қалам мен блокнотты да салуға арналған бөліктері бар. Одан бөлек, телефонның заттарын, басқа да ұсақ-түйекті салуға арналған орын қарастырылған. Керек десеңіз, галстукты мыжылмас үшін ұзыннан салып қоюға болады. Біз көбіне сапарлап шыққанда сөмкеден бөлек костюм-шалбарды қапшығымен ұстап жүреміз ғой. Содан маған «сөмкені көпшілікке ыңғайлы етіп шығарсам» деген ой келді. Осылайша, костюм-шалбарың қапшығын сөмкеге айналдырдым деуге болады. [caption id="attachment_20115" align="alignnone" width="1080"] Фото: Дамыс Болатхан/Instagram[/caption] Тапсырысты көбіне әлеуметтік желі арқылы қабылдаймыз. Адамдар бір-бірінен де естіп келіп жатады. Инстаграмды бұрын тек әртістердің өмірін насихаттайтын құрал деп қабылдайтынмын. Кейіннен оның кәсіп жасаудың мүмкіндігін кеңейтетінін түсіндім. Соның арқасында қазір шетелдердегі қазақтардан да тапсырыс алып, Еуропаның бірқатар еліне, Түркияға ұлттық тауарымызды жолдаған кезіміз болды. – Материалды қайдан аласыздар? Тігін машиналарыңыз, станоктарыңыз туралы айтып өтсеңіз. Бір сөмкені тігуге қанша уақыт жұмсайсыздар? Мемлекет тарапынан, әкімдік тарапынан қандай да бір қолдау бар ма? – Материалды бірнеше жерден аламыз. Таза былғарыны пайдаланамыз. Негізінен отандық шикізатты тұтынамыз. Сырттан да алатын ұсақ-түйек материалдарымыз бар. Жалпы, өнімнің сапасына баса мән береміз. Тіпті сөмкенің кейбіріне бірнеше ай, тағы біріне 1 жылға дейін кепілдік беріледі. Мемлекеттен қолдау бар. Еліміздің барлық өңірінде үздік бизнес жобаларға қайтарымсыз гранттың бөлінетінін естідік. Содан былтыр Жастар жылына орай Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне барып, құжат тапсырып, бағымды сынап көрдім. Онда трансформер сөмкемді ұсындым. 250 адам қатысыпты. Соның ішінен 60 адамға 3 миллион теңгенің гранты берілді. Оның бірі менмін. Төбем көкке жеткендей болды. Сол 3 миллион теңгеге немістің тігін аппаратын сатып алып, қолымыз ұзарды. Ол – үш ұйықтасам, түсіме кірмейтін аппарат. Соның арқасында қазір тапсырыс берсе, сөмкені кешке дейін дайын болатын жағдайға жеттік. Бұрын кейбір жұмысты басқа жерге істетіп, күнім біреудің қолына қарап, бір сөмкені тігуге 3 күн кетіп қалатын. Шүкір, бұл да Құдайдың бұйыртқан несібесі ғой. Бүгінде түскен тапсырыстар кезек күтіп тұрады. Тіпті дағдарыстың өзінде күніне кем дегенде 1 тапсырыстан түсіп отырды. – Жастарға кәсіп бастау үшін ең бірінші нені білуі керек? – Бұл туралы мен үнемі ойланамын, толғанамын. Қазақ жастары бизнеспен көптеп айналысуы керек. Ал кәсіп бастау үшін әр адам ең алдымен өз-өзімен күресуі керек. Өзіңнің кемшілігіңді жеңе білуің қажет. Адамға ерік-жігер, рух жетіспей жатады. Ал тәжірибе жүре қалыптасады. Мұның бәрін мен өз басымдағы жағдаймен байланыстырып айтып отырмын. Алдағы уақытта қазақ жастарын кәсіпкерлікке тарту үшін өз тарапымнан күш салып, үлес қосқым келеді. Қажет болса бизнес-тренер, мативатор боламын деген ойым бар. – Астанадағы сүйікті орныңыз қай жер? Соңғы бір жылда қаладан қандай өзгеріс байқадыңыз? – Жерұйық саябағына барғанды жақсы көремін. Астана – менің сүйікті мекенім. Осында мектеп бітірген соң мен де арман қуып келген қазақтың бірімін. Қала көз алдымызда көркейіп, өсіп келеді. Соңғы бір жылдан бері де мұнда көп өзгеріс орын алды. Қазіргі қала басшылығы да үлкен жұмыстар атқарып жатыр. – Хоббиіңіз не? – Көбісі өзінің кәсібін хоббиіне балайды. Бірақ менде олай емес. Менің хоббиім – саяхат жасау. Алдағы уақытта әлем елдерін аралағым келеді. Нью-Йорк, Лондон, Париж сияқты қалаларға баруға ниетім бар. Әзірге тек бірер елде ғана болдым. – Кімді пір тұтасыз? – Негізі біреуді пір тұтамын деп айта алмаймын. Тек сөзі мен ісі сәйкесетін біраз адамнан үлгі аламын. Соның қатарында Сырымтау деген кәсіпкер ағамыз бар. Ол кісі осы уақытқа дейін әлемнің 56 еліне саяхаттаған. Жалпы, жасап жатқан жұмыстарына ризамын. – Алда қандай мақсат-жоспарларыңыз бар? – Кәсібімізді үлкейту жоспарымызда бар. Қазір осы бір жерге кеңсеміз бен дүкенімізді ашсақ, енді қаладағы ірі сауда орындардан, өзге де өңірлерден өзіміздің дүкендерімізді ашсақ деген мақсат қойып отырмыз. Содан соң тек сөмке ғана емес, ұлттық нақыштағы спорт киімдері мен көлік орындығының қапшықтарын және басқа да ұлттық өнімдерді шығаруды ойластырып жүрміз. Осы отандық өнімдерді халықаралық деңгейде брэндке айналдырып, ұлттық құндылығымызды шетелдерде де кеңірек дәріптесек деп армандаймын. Бұған дейін жоғарыда айтқанымдай, шетелдерге өнімімізді жөнелттік те. Енді кең көлемде әрі тұрақты түрде экспорттайтын жағдайға жетсек деген ниеттеміз. – Бәрекелді! Істеріңіз алға баса берсін! Сұхбатыңызға рақмет!