00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Минометші майдангер

13 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Минометші майдангер
ашық дереккөз

«Отан үшін отқа түс, күймейсің». Сонау сұрапыл жылдары от пен оққа қаймықпай кеуде тосқан әр жауынгер осы бір қанатты сөзді терең түсінер. Өйткені ел қорғаған майдангердің өмірі – ерлікпен өрілген тұтас бір тарих. Ауылдастары арасында Ваня аталған жасөспірім жігіт еңбекке ерте араласты. Туып-өскен жері Кемеров облысы Яйский ауданы Верхо-Великосилький ауылы болатын. 1933-1941 жылдар аралығында орта мектепте оқыды. Оқи жүріп жұмыс жасады. Сұм соғыс басталғанда, Иван 8-сыныпта еді. Алдымен майдан даласына әкесі аттанды. Біртіндеп ауыл-елден ер-азаматтар әскерге алынып жатты. Жас та болса Иван колхоздың жауапты жұмыстарын атқарды. Майдан даласынан әкесі жараланып, госпитальға жіберілді деген хабар естиді. Бұл кезде Иван Ботев 17 жаста болатын. Сол 1943 жылы оны Қызыл армия қатарына шақырт­ты. Жас жігіт бірден Воронеж мектебінің радио мамандарының қатарына қосылды. Өйткені 1500 адамнан радио шеберлер взводы құрылды. Сол өрімдей жастардың арасында Иван Михайлович те болды. «Отан қорғау бүгін жай сөз боп естілгенмен, сол сұрапыл жылдары біздің кеудемізге жауапкершіліктің қорғасындай салмағын құятын» дейді бүгінде ғасырға жақындаған қария. Оларды бірден майдан даласына жібермеді. Ұрыс даласына дейін тыңғылықты дайындықтан өтіп, 1943 жылы қыр­күйек айында оқуын бітірген соң, Мәскеуге жіберілді. «Сарбаз айқаста сыналады» демекші, Иван Ботев қаруластарымен сұрапыл жылдардың «ызғарында» шыңдалды. Полтаваға бірінші гвардиялық механикалық корпус, 1004 бірінші гвардиялық дивизияға, жеңіл артиллериялық полкта жауынгерлік міндетін атқарды. Соғыс жылдары 1-Белорус майданында жауға қарсы шайқасты. Атқыштар полкіндегі 120 мм минометтік батареяның көз­деушісі болуы да тегін емес еді. Сібірде туған салқынқанды жігіттің табиғи мергендігі арқасында қарсылас жақтың дот, дзоттарын, оқ ату нүктелерін бірнеше рет жалғыз снарядпен жояды. Қиян-кес­кі ұрыс даласында көзсіз ерлікке барған талай қандыкөйлек жолдастарын да еске алды ардагер. «Бір атаның баласындай жауға жұмыла тиісуші едік, бірлік болса жау да, басқа да бата алмайды емес пе?» дейді сөз арасында. Ардагер Иван Ботев соғыс біткен соң 1971 жылға дейін зымыранды әскери қызметінде қатардағы жауынгерліктен бастап, штаб басшысына дейін көтерілді. Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Елге жеңіс құдіретін жақындатқан қаһарман сол бір күнді Қазан қаласында қарсы алды. Алайда соғыс аяқталған алғашқы жылдары Иван Ботев әскерде қызмет ете берді. Ол кезде 20 жастағы жігіт болса да, соғыстан кейінгі тұралап қалған елдің жағдайын бір кісідей сезініп және жұмысты абыроймен атқара білді. Қызмет барысымен Иван Михайлович бүкіл Кеңес Одағын аралады. 1971 жылы полковник шенімен зейнетке шықты. 2001 жылға дейін Ресей Федерациясының азаматтық жүйесінде қызмет атқарды. Ал 2012 жылы Ресейден Қазақстанға көшіп келіп, қазақ жерін құтты қонысы санады. Кіндіктен тараған жалғыз қызы Светлана мен немере-шөберелерін өсіріп, тәрбиеледі. Енді, міне, бүгінде сол ұрпағы кеудесі орден-медальға толы, өмірі ұлағат пен ерлікпен өрілген қарияны баладай баптап отыр. Жұбайы өмірден өтсе де, жалғыздыққа мойынсұнбады. Өйткені қасында жанын түсінетін ұрпағы бар. Майдангер «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін» медалі, «Ерлігі үшін» медалі, «Әскери еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Тоқсаннан асса да, еңсесін тік ұс­тауы қарияның қайраттылығын танытады. Зерделі жан жадынан да жаңылмайды. Қызының айтуынша, өзі серуендеп келуден, әңгіме айтудан қашқан емес. Осы жасына қарамастан Иван Михайлович кездесулерге, тәлімді шараларға барудан бас тартпайды. Өйткені өткен тарихты бүгінгі жасқа жеткізіп, ерліктің құр сөзбен емес, құдіретті күшпен келетінін дария-кеуде, тау-мүсін ардагерлер айтпағанда кім айтар? Ал құдіретті күш Отанға, халқыңа деген адалдық болса керек!

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

 «Астана ақшамы» газеті