00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Он жеті жасында от кешкен

13 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Он жеті жасында от кешкен
ашық дереккөз

Ұлы Отан соғысы жылдары Ақмола жерінен 14723 сарбаз соғысқа аттанып, Отанымыздың бостандығы мен тəуелсіздігі үшін жан аямай шайқасты. Олардың жартысы, нақтысын айтсақ, 7414 адам майданда ерлікпен қаза тап­қан. Ал туған жердің дәм-тұзы бұйырған азаматтар елге келді. Биыл, міне, сұрапыл соғыстың аяқталғанына 75 жыл. Осынша жыл өтсе де, соғыс салған сыз кепті ме? Талай тағдырдың жүрегіндегі мұңды із өшті ме? Майдан даласына Ақмоладан аттанғандардың қатарында Василий Сердюков та бар еді. Сталин ауданы Богдановка ауылынан 1943 жылы немере ағасы екеуі қатар аттанды. Василий СЕРДЮКОВ, ҰОС ­ардагері: – 1943 жылы мен 17 жаста едім. Немере ағам екеуміз 10-сыныпта мектепке келіп, бір партаға отырдық. Біздің мақсатымыз 10-сыныпты аяқтап, авиациялық училищеге түсіп, ұшқыш болу еді. Бозбала жастағы арман орындалмады. Орындалар ма еді, бәлкім?! Бірақ сұм соғыс қаншама арманның өміріне балта шапты, қанша үміттің отын сөндірді! Сөйтіп ұшқыш боламыз деген қос жігіт Шортанды аудандық военкоматына шақырту алады. Василий СЕРДЮКОВ: – Ағам екеуміз 9-сыныптан соң жүргізуші құқығын алғандықтан, бізді Саратов облысы Хвалынск қаласына оқу автополкына әскерге шақырды. Оқу автополкын тәмамдаған соң мен сержант атағын алып, ағам екеу­мізді Белоруссиядағы артиллериялық әскери бөлімшесінің 26-ауыр минометтік бригадасына жібереді. Ол жерде «Studebaker» америкалық машиналарымен 160 миллиметрлік минометті тасыдық. Бұл миномет майданда 1943 жылдың басында ғана пайда болған. 17 жасында «сержант Сердюков» атанған жауынгер осындай қауіпті де қатерлі тапсырмаларды жиі орындайтын. Ауыр жылдарда жауынгерлерге «Жеңіс үшін» деген сөз жігер берді. Сол үшін талай ұрыста көзсіз ерліктерге барды. Сондай кескілескен шайқаста тетелес өскен туысы, қасындағы қандыкөйлек жауынгер ағасы мерт болды. Ағасының майдан даласындағы өлімі осынша жыл өтсе де, Василий ақсақалдың әлі күнге көз алдынан кеткен емес. Василий СЕРДЮКОВ: – Біз Минскті, Варшаваны азат етуге қатысып, Висла, Одра, Шпрее өзендерінен өттік. Ең ауыр шайқас Берлин түбінде, қаладан 75 км қашықтықтағы Зеелов шыңдарында болды. Зеелов шыңдарында бірнеше күннің ішінде 35 мың солдат қаза тапты. Ұрыстан соң ағам екеуміз бөлек позицияда болдық. Қарасам, ағамның машинасы келе жатыр, жүргізуші басқа біреу, маған жақындап келіп менің атымды атады да, ағамның қаза болғанын айтты. «Ол қайда?» десем, «Жүк салғышта» дейді. Жүк салғышқа қарасам ағам және жаралы үш солдат жатыр. Жүргізуші менің ағамды госпитальға жақын орналасқан бауырластар бейітіне апаруға бұйрық алыпты. Жанымның бір бөлшегі үзіліп түскендей болды. Бірақ соғыста егіліп, езілуге болмайтын темірдей тәртіп бар еді. Соғыс аяқталып, бейбіт заман орнаған соң ардагер бейіт басына 2011 жылы барған екен. Ағасы жерленген бауырластар бейітінде болып, биік таудағы автомат ұстап тұрған солдат бейнеленген мемориал орнатылған Зеелов шыңдарын көргенін айтты. Барлық зеңбіректер мен танкілер, соғыс кезінде өзі тасыған миномет – бәрі сол жерде қойылғанын көрді. Майдангер үшін қанды шайқас 1945 жылы 2 мамыр күні Рейхстаг қабырғасында аяқталды. 1946 жылдың басына дейін Германияның әскери бөлімшесінде болған. Әскери қызметтен босаған соң Василий Антонович Астанадан 75 шақырым жердегі Жолымбет кенішінде жүргізуші болып жұмыс істеді. Сол жерде 10-сыныпты аяқтап, Новосібірлік Теміржол көлігі әскери инженерлерінің институтына оқуға түседі. Институтты тәмамдаған соң Василий Сердюков Қарағанды темір жолындағы Бурабай жол бөліміне жолдама алады. 1961 жылы Целиноградқа ауысып, станса бастығының орынбасары және станса бастығы лауазымдарында қызмет етті. Алайда уақыт өте соғыс салған жара да сыр беріп, Василий Антонович денсаулық жағдайына байланысты теміржол көлігіне кадр дайындау бойынша теміржол мектебіне қызметке ауысады, сол жерден 1990 жылы зейнетке шығады. Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Сердюков Нұр-Сұлтан қаласында тұрады, өзін тың сезінеді. 94 жастағы қария «Бейбіт күннің қадірі – барыңды бағалай білуде» дейді. «Еркін елде еңсе тіктеп, емін-еркін жүру де бақыт. Біз осы бақытты күндер үшін жастығымызды отқа шарпыдық» деп әңгімесін аяқтады ардагер. Ақсақал айтқан соңғы сөз мені де ойға қалдырды. Шынымен, біз алтыннан қымбат уақытты, баға жетпес бақытты күндердің қадірін қалай түсініп жүрміз өзі?  

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

 "Астана ақшамы" газеті