Telegram платформасы – азаматтардың құқықтарын қалпына келтірудің тиімді тетігі


Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының тапсырмасына сәйкес, халықтың мемлекеттік қызмет көрсету бойынша шағымдары мен ұсыныстарына жедел назар аудару мақсатында Телеграм мобильді қосымшасындағы EgovKzBot2.0 бот-платформасы арқылы «Уәкілетті органға өтініш» беру батырмасы іске қосылған.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне қызмет алушылардан мемлекеттік қызметтердің көрсетілуіне шағымдар, олардың сапасын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бағытында ұсыныстар келіп түсуде.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 1 тоқсанында азаматша пәтердің ескі тіркеу куәлігін жаңасына ауыстыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалына өтінім берген, алайда ескі техникалық құжатын филиал қызметкері қайта қайтармағандығы жөнінде Департаменттің Telegram-бот платформасы арқылы шағымданды.
Нәтижесінде Департамент жұмыс тәртібінде филиалмен байланысып, анықталғандай азаматшаның алғашқы өтінім беру кезінде ескертулердің болуына байланысты техникалық құжаттың ескі нұсқасы қайтарылмағандығы белгілі болды. Филиал қызметкерлері жаңадан өтінім жолдау қажеттігін баяндады. Осы негізде азаматша қайта өтінім жолдап, аталған қызмет бойынша заңнамада көзделген мерзімде жауап берілетіндігі туралы хабарландырылып және ескі құжаты қолына қайтарылды.
Осылайша, Telegram арқылы жүгінген қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді.
Айта кетейік, аталған қосымша арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша 24/7 шағым беруге, бюрократияны азайту және бизнес-процестерді оңтайландыру жөнінде ұсыныс жолдауға болатындығын назарларыңызға жеткіземіз.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті