«Әр істе бір адамның тағдыры тұр»: 20 жылдық тәжірибесі бар елордалық судьямен сұхбат

«Әр істе бір адамның тағдыры тұр»: 20 жылдық тәжірибесі бар елордалық судьямен сұхбат
Коллаж: Elordainfo.kz

Қылмыстық істерді қарау – адам тағдырын шешетін жауапты әрі күрделі процесс. Мұндай істермен күнделікті бетпе-бет келу судьяның кәсіби білімімен қатар биік адамгершілік қасиетін талап етеді. Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Сейфулла Тасымбетов осы салада 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Ол Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында қылмыстық істерді қараудағы қиындықтар мен жалпы сот жүйесінің жауапкершілігі туралы әңгімеледі.

- Сейфулла Закарияұлы, сот тәжірибеңізде ерекше есте қалған іс туралы айтып берсеңіз.

- 2022 жылы 48 сотталушы, 17 200-ге жуық жәбірленушіден тұратын қылмыстық топқа қатысты істі қарадым. Бұл тек заң ғана емес, адам тағдыры шешілетін жағдай болды. Тергеу материалдары 4000 томға жуық болды. Сот отырыстары ұзаққа созылды. Сотталушылар мен жәбірленушілер еліміздің барлық өңірлерінен болды, сондықтан да бұл іске қоғамның қызығушылығы да көп болды. Ақыры сол іс бойынша заңды, әділетті шешім шығып, жәбірленушілер алғыс айтты. Сол сәтте өз жұмысымның маңыздылығын ерекше сезіндім. Негізі сотқа қысым жасау әрекеттеріне заңмен тыйым салынған. Бізде бұл бағытта құқықтық қорғау құралдары қарастырылған. Судья әрқашан тәуелсіз болуы тиіс.

- Сот жүйесінде соңғы жылдары қандай өзгерістер болды? Олар судья жұмысына қалай әсер етеді?

- Өзгеріс көп. Ең бастысы – судьяларды іріктеу жүйесі жаңарды. Бұрын тек теориялық білім жеткілікті болса, қазір тәжірибе, адамгершілік, шешім қабылдау қабілеті де бағаланады. Бұрын азамат пен мемлекеттік орган арасындағы дауларда азамат өзін қорғауда біршама қиындықтарға тап болатын. Мемлекеттік органның әрекеті дұрыс па, жоқ па – соны дәлелдеуді азаматтың өзіне жүктейтінбіз. 
Ал қазір бұл өзгерді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, “билік пен азаматтың дауына” жаңа көзқарас келді. Енді дәлелдеу міндеті – мемлекеттік органда. Азаматтың құқығын қорғау күшейтілді. Бұл – азаматқа заң алдында шын мәнінде тең болуға мүмкіндік берген үлкен қадам. Бұрынғыдай «мемлекет әрқашан дұрыс» деген көзқарас енді жүрмейді.
Тағы бір маңызды жаңалық – жаңа кассациялық тәртіптің енгізілуі. Енді Жоғарғы Сотпен нақты қателерді түзетуге көбірек назар аударылатын болды. Іріктеу тәртібі арқылы тек ерекше мәні бар, бірізді сот практикасына әсер ететін істер қаралады.

Бұл өз кезегінде сот актілерінің сапасына әсер ететін болады. Бұл өзгерістер судьялардың жұмысын жеңілдеткен жоқ, керісінше, жауапкершілікті арттырды.

- Ашық сот процестері немесе онлайн трансляциялар туралы не ойлайсыз?

- Қазір адамдар сотқа күдікпен емес, үмітпен қарауы керек. Онлайн трансляциялар заманауи талап деп айтар едім. Қазіргі уақытта онлайн трансляция сот тәжірибесінде кеңінен қолданылып отыр. Бірақ бәрі шегінен аспауы керек. Кейде жеке өмір, қауіпсіздік мәселелері басым түседі. Мысалы, кәмелетке толмағандарға қатысты істерді жария ету дұрыс емес деп есептеймін. Ашықтық пен жауапкершіліктің арасы өте нәзік.

- Сот төрелігімен айналысу сіздің жеке өміріңізге қалай әсер етті?

- Бұл қызметке кірген күннен бастап бәрі өзгерді. Біріншіден, уақытымның басым бөлігі жұмыста өтеді. Кейде жұрт жұмыстан шығып, демалып отырғанда, біз отырыстан кейін үкім жазып, істерді зерттеп отырамыз. Әр істе бір адамның тағдыры тұр. Сондықтан да жеңіл қарау мүмкін емес. Үйге келген соң да, ойың істе жүретіні рас. Жеке өмірге келетін болсам, ортада еркін отыру, жиі қонаққа бару, көпшілік жерде пікір білдіру шектеледі. Судьяның сөзі мен әрекетінің салмағы болады. Сондықтан қоғамдық ортада абай болған жөн. Отбасым бұл қызметтің ауырлығын бірге көтереді. Демалыс күндері кейде жұмыста боламын, жақындарыма көңіл бөлетін сәттер болмай қалады. Ақиқат жолында жүрген адамға отбасының сенімі ауадай қажет.

- Жауапкершілікті талап ететін сот жұмысынан кейін қалай демаласыз?

- Мен ол үшін спорттың, нақтырақ айтқанда футболдың және шахмат ойнаудың көмегіне жүгінемін. Футбол – физикалық күш-қуатымды қалпына келтіріп, ойымды сергітеді. Ал шахмат зейін мен стратегиялық ойлауды дамытып, сабырлы болуға ықпал етеді. Сонымен қатар кітап оқу маған рухани демалыс сыйлап, ішкі дүниемді байытады. Мұның бәрі сот қызметінің жауапкершілігін тиімді атқаруға септігін тигізеді.

- Сейфулла мырза, бұл қызметтегі ең үлкен жетістігіңіз қандай?

- Мен үшін ең үлкен жетістік – осы жолда адаспай келе жатқаным. Адамның тағдырына араласып отырып, әділетті шешім шығару судья үшін шынайы жетістік деп есептеймін. Ол шешім заңға да, арға да сай болуы керек. Сот отырысынан кейін тараптардың біреуі риза, біреуі риза емес болып кетуі мүмкін. Бірақ шешімнен кейін олар «Судья тыңдады, түсінді, ойланды, заң аясында шешті» десе, осы мен үшін ең үлкен марапат. Қабылдаған шешімдерімнің басым көпшілігі апелляциялық немесе кассациялық сатыда өзгеріссіз қалды. Бұл кәсіби тұрғыда жақсы көрсеткіш дер едім. Тараптар сот залынан шыққан соң, алғысын білдірген кездер мен үшін ең бағалы сәт. Мұндай сәттер күш береді, дәл сол кезде өз мамандығыңның маңызын шын сезінесің.

- Жас заңгерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Уақыт өткен сайын сенің сөзің, ұстанымың, ісің үлгі болып жатады. Бұрын бірге істеген жас мамандардың бірқатары бүгін судья атанып отыр, ұмтылып жүргендер де бар. Олардың сол жолға түсуіне аз да болса, әсер еткен болсам, ол өз алдына жетістік. Заңгер болу – жай ғана мамандық емес, ол үлкен жауапкершілік. Себебі адамдардың тағдыры, құқықтары мен бостандығы судья шешіміне тікелей байланысты. Сондықтан ең алдымен жас заңгерге қажет нәрсе – шын ниет пен адалдық. Білмегеннен қорықпау керек, бірақ білгің келмеуден сақ болу қажет. Уақытпен қатар дамып отырмасаң, заңгер болу қиындай түседі.

- Сұхбатыңызға рақмет!