Ашықтық пен әділдік – берік қоғамның негізі

Ашықтық пен әділдік – берік қоғамның негізі
Фото: Астана қ. «Сарыарқа» ауданы әкімдігінен

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ел дамуына кедергі келтіретін басты қауіптің бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыс әрбір мемлекеттік органның күн тәртібіндегі негізгі басымдық болуы тиіс. Осыған орай, Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімдігі ашықтық, қоғаммен тығыз байланыс және есептілік қағидаларын басты бағдар етіп отыр.

Азаматтардың сенімін арттыру – әрбір бастаманың өзегі. Біз үшін тұрғындардың үнін есту – жай сөз емес, нақты әрекетке негізделген ұстаным. Аудан әкімінің, құрылымдық бөлім басшыларының әлеуметтік желідегі парақшалары, қоғамдық қабылдаулар мен онлайн-диалогтар тұрғындармен тікелей әрі ашық жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қандай да бір мәселе көтерілсе, жауапсыз қалмайды. Бұл біз ұстанатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында әкімдік ұжымы арасында этикалық нормалар мен заңнамалық талаптарды түсіндіру бағытында тұрақты семинарлар өткізіледі. Мемлекеттік сатып алулар толық электронды форматта ұйымдастырылып, әрбір жұмсалған қаржының ашық әрі тиімді игерілуіне мән беріледі. Қоғамдық кеңестер мен белсенді тұрғындар бұл процесте бақылаушы рөл атқарып келеді. Осы орайда, ауданымызда табысты жүзеге асып жатқан жобалардың бірі - «Халық қатысатын бюджет». Аталған бастама арқылы тұрғындар өз аумағын абаттандыруға тікелей араласып, нақты ұсыныс білдіреді. Яғни, аула жөндеу, жарықтандыру, спорт және балалар алаңдарын орнату сияқты жобалар тұрғындардың онлайн дауыс беруі арқылы іріктеліп, жыл сайын сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл ашықтықты арттырып қана қоймай, азаматтық белсенділікті де күшейтетін маңызды құрал. Абаттандыру - аудан әкімдігінің басым бағыты. 2025 жылы «Сарыарқада» 30-дан астам аулаға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жаңа ойын және спорт алаңдары орнатылып, көгалдандыру жүргізіліп, толықтай жаңартылады. Бұл жобалар арнайы қоғамдық тыңдауларда талқыланып, тұрғындардың қатысуымен таңдалады. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру, аялдамаларды жаңарту, жаяу жүргіншілерге қолайлы орта құру сияқты бастамалар да жүйелі түрде іске асып жатыр.

Ашық әкімдік – сенімді қоғам. Сондықтан біз әр бастамамызды жариялы түрде жүзеге асырып, халықпен тұрақты кері байланыс орнатуға баса назар аударамыз. Әрбір ұсыныс, сын-пікір – біз үшін маңызды. Тұрғындармен бірлесе отырып қана сапалы өзгеріс жасауға болатынына сенеміз.

Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының әкімі Жанасыл Шаукентаев