«Үш тілде сөйлейміз»: Елордалық туристік полиция қызметкерімен сұхбат

Бүгін, 10:00
Айман Нығмет Айман Нығмет
«Үш тілде сөйлейміз»: Елордалық туристік полиция қызметкерімен сұхбат
фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығы елдің халықаралық беделіне әсер етеді. Сондықтан туристік полицияның атқаратын  қызметі ауқымды әрі  маңызды. Оның қызметкерлері елімізге келген шетел азаматтарының алғашқы кеңесшісі әрі қорғаушысы іспетті. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі Астана қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция полкі туристерге қызмет көрсету взводының инспекторы, полиция капитаны Даная Аяпбергеновамен  тілдесіп, жұмысы туралы сұрап білді.

Туристік полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы шетелден келген қонақтармен тығыз байланысты. Елордадағы туристік нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Даная Аяпбергенова қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Ол Ішкі істер органдарында 2015 жылдан бері жұмыс істейді.

«Бұл салаға қызығушылық алдымен киім үлгісінен басталды. Кейін оқуға түскен соң, елге қызмет ету сезімі одан сайын арта түсті. Туристік полиция қызметіне 2020 жылы келдім. Үш ай бойы ағылшын тілінен курстарға қатысып, дайындықтан өттім. Бүгінде үш тілде еркін сөйлеп, туристерге көмек бере аламын. Біз елордаға келген шетелдік туристер мен еліміздің басқа өңірлерінен келетін қонақтарға сервистік қызмет көрсетеміз. Туристік нысандардағы бекеттерде түрлі сұрақ немесе өтінішпен келетін қонақтарға көмектесеміз. Олар көбінесе қажетті мекенжайға жету үшін бағыт-бағдар беруді сұрайды. Кейде такси шақырып беруді өтінеді», - дейді Даная Аяпбергенова.

Полиция капитанының сөзінше, туристік полицейлердің жұмыс күні таңғы жалпы жиналыстан басталады.

«Біз күнделікті таңғы жиналысқа қатысамыз. Ол жерде қандай бекетке түсетініміз белгілі болады. Кейін бекетке келіп, түнгі ауысымдағы әріптестерімізден қажетті ақпаратты қабылдаймыз. Одан кейін аумақты бір тексеріп шығамыз. Себебі кейде адамдардың ұмытып кеткен заттары болады немесе масаң күйде ұйықтап қалатын адамдар кездесіп жатады. Кеудемізде бейнетіркегіш ілініп тұрады, соған барлық іс-әрекетіміз жазылады. Орталықпен үнемі рация арқылы байланыста боламыз», - дейді ол.

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Даная Аяпбергенованың айтуынша, қызмет барысында түрлі жағдайлар болады.

«Жұмыс барысында түрлі оқиғалар болып жатады. Біз тек «жұмысымыз ақпарат беру» деп отырмаймыз. Әр туристің басына түскен жағдайды шешуге тырысамыз. Мысалы бізден Ресей мемлекетінен автобуспен келген туристер көмек сұрады. Олар мінген автобустың дөңгелегі жүруге жарамай қалған. Сол кезде оларға көмек бердік. Шетелдіктер телефондарын жоғалтып алып, үрейленіп бізге келіп тұрады. Себебі бөтен мемлекетте байланыссыз қалуға қатты қорқады. Кейде туристер тауып алған затты бекетке әкеліп жатады немесе өздері жеке заттарын жоғалтып жатады. Біз шетел азаматтарының өтінішін  күнделікті тіркеп отырамыз. Турист заңсыз әрекет жасаған жағдайда немесе бір затын жоғалтып полицияға арыз жазатын кезде де біз көмектесеміз», - дейді ол.

Туристік полиция қызметкері шетелден келген азаматтарға қағаз түріндегі картаны алып жүруді ұсынады.

«Көбі смартфондағы карта немесе онлайн төлем жасау жүйесіне сенім артады. Бірақ дәл уақытында телефонның қуаты бітіп немесе интернет қолжетімсіз болуы мүмкін. Осындай жағдайға тап болмау үшін міндетті түрде қағаз түріндегі картаны алып жүрген дұрыс. Біздің бекеттерде ондай карталар бар және туристерге беріп отырамыз. Сонымен қатар ақшаны қолма-қол ұстаған дұрыс. Себебі  өзге елдің банк картасы біздің елде жарамауы мүмкін», - дейді Даная Аяпбергенова.

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ол елордаға жаз мезгілінде туристер көп келетінін айтты.

«Шетелдіктердің басым көпшілігі «Бәйтерек»монументі, «Нұр Әлем» сферасы мен «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығына қызығушылық танытады. Сонымен қатар қаладағы көрікті орындарға апаратын туристік автобус туралы ақпарат сұрайды. Біздің бекетте елордадағы көрікті орындар мен тамақтануға болатын жерлер белгіленген ақпараттық парақшалар бар. Олар ағылшын, қытай және орыс тілдерінде жазылған. Қажет болғанда туристерге ұсынамыз»,- дейді ол.

Полиция капитаны болашақта испан тілін меңгеруді мақсат тұтып отыр.

 «Көп жағдайда туристермен ағылшын тілінде сөйлесеміз. Бірақ кейде ағылшынша түсінбейтін адамдар болады. Менің ойымша, егер туристік полиция қызметкері көп тіл білсе, ол жұмыс барысында үлкен көмек болады. Мен болашақта испан тілін меңгергім келеді», - дейді ол.

Айта кетейік, елімізде туристік полиция қызметі «ҚР Туризм индустриясын дамыту» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 2019 жылы құрылған. Содан бері полиция бекеттері елордада ғана емес, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында ашылды.