Алғашқы АЭС-ке үздік атау беру конкурсы 25 қыркүйекте басталады

Бүгін, 09:39
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views51
Алғашқы АЭС-ке үздік атау беру конкурсы 25 қыркүйекте басталады
Фото: Freepik.com

Елдегі алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру жөніндегі жалпыұлттық конкурс өткізу комиссиясының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиссия құрамына қоғам өкілдері, креативті индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих саласындағы сарапшылар кірді.

Отырыс барысында комиссия мүшелері ұйымдастыру мәселелерін қарастырып, жалпыұлттық конкурсты өткізу ережелерін бекітті.

 «Қазақстан азаматтарының барынша көп қамтылуы үшін АЭС-ке үздік атау беру бойынша ұсыныстар eGov Mobile қосымшасы арқылы қабылданады. Конкурстың атом саласы қызметкерлері күні қарсаңында басталуы – индустрияның Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесінің айқын дәлелі», - деді Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

Талқылаулардың қорытындысы бойынша комиссия конкурстың өткізілу мерзімдерін бекітті:

25 қыркүйек – конкурстың басталуы туралы ресми хабарландыру;

25 қыркүйектен 10 қазанға дейін – eGov Mobile қосымшасы арқылы ұсыныстарды қабылдау;

11–20 қазан аралығы – келіп түскен ұсыныстарды талдау;

қазан айының соңына дейін АЭС-тің үздік атауын анықтау.

«АЭС-ке үздік атау беру жөніндегі жалпыұлттық конкурстың ережелері Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми сайтында және Телеграм арнасында жарияланады.Агенттік атап өткендей, конкурс ашық әрі айқын өтеді. Әрбір азамат АЭС-ке өз атауын ұсына алады, ал комиссияның қорытынды шешімі қазан айының соңына қарай белгілі болады», - деп жазылған хабарламада.