Президент БҰҰ мінберінен Қазақстанның ұстанымын анық байқатты – Ерлан Қарин

Бүгін, 11:07
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views69
Президент БҰҰ мінберінен Қазақстанның ұстанымын анық байқатты – Ерлан Қарин
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында маңызды сөз айтып, жаһандық күн тәртібіне қатысты көзқарасын білдірді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram арнасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Президент қазіргі әлемдік дамудың терең үрдістерін айқындап көрсетті. Бұлардың қатарында сенім дағдарысы, халықаралық құқықтың әлсіреуі, милитаризация, климаттың өзгеруі, технологиялық алшақтық қаупі бар. Аталған үрдістер жөнінде қазір түрлі саясаткерлер мен сарапшылар айтып жүр. Алайда Мемлекет басшысы бұларды жеке-жеке мәселе ретінде емес, әлемдік қауымдастықтан жүйелі әрі тиімді шешім талап ететін іргелі сын-қатерлердің біртұтас кешені ретінде қарастырып отыр», - деп жазды Ерлан Қарин.  

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда БҰҰ реформасының ауқымды жоспарын ұсынды. Онда негізгі басымдық Қауіпсіздік Кеңесіне беріліп отыр. Атап айтқанда, Кеңесті Азия, Африка және Латын Америкасының ірі мемлекеттері есебінен ротациялық негізде кеңейту, сондай-ақ орта державалардың рөлін күшейту қамтылған. Сонымен қатар БҰҰ Жарғысын жаңарту, ядролық қарусыздануды қайта жандандыру, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін құру секілді өзекті тақырыптар көтерілді.

«Президенттің баяндамасынан жаңа жаһандық консенсусты, сенім мен ашықтыққа, жауапкершілік пен әділдікке, теңгерім мен ынтымақтастыққа, құқықтың берік сақталуы мен ортақ ынтымаққа негізделген жаңа әлемдік тәртіп архитектурасын қалыптастыру идеясы айқын көрінді.

Маңыздысы Президент БҰҰ мінберінен Қазақстанның халықаралық қатынастардағы мықты да жауапты субъект, дипломатия мен транзитте, энергетика мен технологияда алтын көпірге айналған ел ретіндегі әлеуеті мен ұстанымын анық байқатты», - дейді Мемлекеттік кеңесші.