HR-форум 2025: Мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды дамыту мен заманауи құралдарды енгізу


Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен «Жаңа жүйелер, заманауи қызметтер, тың шешімдер» атты халықаралық HR-форум өтіп жатыр. Форум алаңы мемлекеттік сектордағы адами ресурстарды дамыту, тиімді басқару және цифрлық шешімдерді енгізу мәселелерін көтеретін ірі кәсіби диалог алаңына айналды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, шетелдік сарапшылар, халықаралық ұйымдардың мамандары мен адами ресурстар саласындағы жетекші ғалымдар қатысуда. Форум аясында пленарлық отырыс, бірқатар панельдік сессиялар мен топтық жұмыс форматындағы кездесулер жоспарланған.
Форум модераторы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай өз сөзінде форумның басты мақсаты мемлекеттік қызмет саласындағы HR құралдарын жетілдіру және оларды цифрлық трансформация үдерісіне бейімдеу екенін атап өтті.
«Бүгінгі HR-форум – бұл мемлекеттік қызмет саласындағы мамандар мен халықаралық сарапшылардың тәжірибе алмасатын алаңы. Біз адами ресурстарды тиімді басқаруға арналған жаңа әдістерді, қызметкерлерді бейімдеу, олардың біліктілігін арттыру, коммуникация мен командада жұмыс істеу дағдыларын дамыту мәселелерін талқылап отырмыз. Бұл құралдарды мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу – басты басымдықтардың бірі», – деді агенттік төрағасы.
Сонымен қатар форумда әртүрлі елдерден келген мамандар өз тәжірибелерін бөлісіп, HR саласына жасанды интеллектті енгізу, деректерге негізделген шешімдер қабылдау, персоналды стратегиялық жоспарлау, оқыту жүйесін жетілдіру бағытында ұсыныстарын ортаға салды.
«Біз адами ресурстарды басқаруға жасанды интеллектті икемдеп енгізуіміз қажет. Яғни жасанды интеллект адамды басқармай, керісінше, адам оны мақсатты түрде жұмыс құралы ретінде қолдануы тиіс. Бұл – болашақтың дағдысы. Мемлекеттік қызметшілер big data-ны талдай алатын, цифрлық шешімдерді пайдалана алатын кәсіби кадрлар болуы тиіс», – деді Дархан Жазықбай.
Форум барысында қатысушылар персоналды басқарудың бірыңғай жүйесін, болашақтың HR шешімдерін, ұйымдардағы деректер саясатын және HR функциясының архетиптерін талқылау мақсатында топтық жұмыс форматында жұмыс істейді. Жиын қорытындысы ретінде ұсыныстар жинақталып, форумның резолюциясы қабылданады.
Батима Тилеуберди



