Биыл картоп тапшылығы болмайды – Айдарбек Сапаров

13 мамыр, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Биыл картоп тапшылығы болмайды – Айдарбек Сапаров
Фото: freepik

Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан соң өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Министрдің айтуынша, былтыр өнім жақсы шыққанымен, ішкі нарықта кейбір қиындықтар туындаған.

«Жалпы былтыр картоптың шығымы жақсы болды. 600 мың тоннаға жуығы экспортталды. Ал импорт көлемі – небәрі 60 мың тонна, бұл экспорттың 10%-ын ғана құрайды. Осы жағдайларды ескере отырып, биыл картоп егетін алқапты 9 мың гектарға ұлғайтып жатырмыз. Сондықтан былтырғыдай жағдай қайталанбайды деп ойлаймын», – деді министр.

Айдарбек Сапаров картопты сақтау мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, арнайы жол картасы әзірленіп, сақтайтын қоймалар салынып жатыр.

«Қазір бізде картоп сақтау орындарын салу жүріп жатыр. Бұл бағытта арнайы индикаторлар мен жол картасы бар. «Солтүстік» жобасы аясында кәсіпкерлерге 2,5 пайыздық несиемен қойма салуға мүмкіндік берілген. Егер жеке кәсіпкер өнімін сақтай алмай жатса, бізге хабарласуына болады. Министрлік тарапынан қолдау көрсетеміз», – деді ол.