«Таза Қазақстан»: Былтыр 1,6 млнға жуық ағаш отырғызылды
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылу барысы туралы мәселе қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2024 жылы акцияға қатысушылардың жалпы саны 6,2 млн адамды құрағанын, 1,1 млн тонна қалдық жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылғанын баяндады.
Премьер-министр «Таза Қазақстан» акциясының азаматтардың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, жалпыадамзаттық құндылықтарды қолдау және табиғатты қорғаудың жаңа идеологиясын қалыптастыру мәселесіндегі маңыздылығын атап өтті.
«Президенттің барлық бастамалары, оның ішінде экология мен қоршаған ортаны жақсарту, заңдылық пен тәртіпті сақтау қағидаты әр адамның ой-санасы мен мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және сол арқылы жалпыадамзаттық құндылықтарды қолдауға бағытталып отыр.
Олар уақытша науқанға емес, табиғатты аялауға, айналаңа, тарих пен дәстүрге құрметпен қарауға үндейтін қоғамдық жаңа идеология ретінде орнығуы тиіс», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Таза Қазақстан» акциясы экологиялық ахуалды жақсарту бағытында кешенді іс-шаралар көзделген 2029 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдама мәртебесіне ие болғаны айтылды.