«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы биыл 123 ауылға барады

Бүгін, 15:05
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы биыл 123 ауылға барады
Фото: Samruk Kazyna Trust

Шалғай ауылдарда тұратын 90 мыңнан астам қазақстандық дәрігерлерден білікті көмек, сондай-ақ заңгерлер мен медиаторлардан кеңес алады. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы еліміздің өңірлері бойынша кезекті сапарына шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Пойыз елордалық «Нұрлы жол» станциясынан елдің батысына қарай бағыт алды. Салтанатты шығарып салу рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен мен қоғам өкілдері қатысты.

Алты ай ішінде «теміржол үстіндегі емхана» 21 мың шақырымнан астам жол жүреді. Маршрут Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Тұрыш ауылынан басталады – бұл жоспарланған 123 аялдаманың алғашқысы.

Әрбір елді мекенде пойыз бір-екі күнге аялдайды, осы уақытта дәрігерлер, медиаторлар мен заңгерлер тек жергілікті тұрғындарды ғана емес, пойыз бармайтын көрші ауылдардың тұрғындарын да толықтай қабылдап, кеңес бере алады.

Қабылдауды түрлі бағыттағы 30 маман жүргізеді: терапевт, хирург-травматолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, оториноларинголог, невропатолог, педиатр, акушер-гинеколог, офтальмолог, уролог, стоматолог-терапевт, рентгенолог, функционалды диагностика дәрігері және психолог. Дәрігерлер тек кеңес беріп, ем тағайындап қана қоймай, қажет болған жағдайда жеңіл операциялар да жасайды. Бұл үшін пойызда барлық санитарлық жағдай, заманауи жабдықтар мен диагностикалық аппараттар қарастырылған. Көмекке кез келген азамат жүгіне алады, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың болуы шарт емес.

Медициналық вагондарда сондай-ақ қанның жалпы және биохимиялық талдауы, флюорография, ультрадыбыстық зерттеу, гастроэнтероскопия, электрокардиограмма және басқа да диагностикалық процедуралар қолжетімді.

Пойызда заңгерлер мен медиаторлар да қызмет көрсетеді. Олар азаматтарға әлеуметтік және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Ауыл тұрғындары еңбек дауларын шешу, мемлекеттік әлеуметтік төлемдерге өтініш беру, сот істерін жүргізу бойынша кеңес алу үшін мамандарға жүгіне алады.

«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің медицина саласына жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Бұл – азаматтарымыздың өмір сапасын жақсартуға арналған шынайы қамқорлықтың көрінісі. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы – Қорымыздың ауыл тұрғындарына медициналық әрі құқықтық көмек көрсетуге бағытталған ерекше бастамасы. 2010 жылдан бері пойыз 2 мыңнан астам ауылда болып, 800 мыңға жуық азаматқа қолдау көрсетті. Тұрғындарға кеңес беріліп қана қоймай, шағын операциялар жүргізілді, көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін тапты. Осылайша медпойыз халықтың жүрегінен орын алған, шын мәнінде ұлттық деңгейдегі жобаға айналды», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Медициналық пойыз жобасы 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 800 мыңнан астам қазақстандық дәрігерлерден көмек алды, ал жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен хирургтар шамамен 37 мың операция жасады. Ем алған әр бесінші пациент – бала. Айта кетейік, өткен жылы «Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлері 104 250 қазақстандыққа тегін медициналық және құқықтық көмек көрсетті.

Пойыздың бағыты мен жұмысын ұйымдастыруды «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан Samruk-Kazyna Trust қоры қамтамасыз етеді. Жабдықтау, дәрі-дәрмек пен медициналық сүйемелдеуді Денсаулық сақтау министрлігі жүргізеді. Заңгерлік қолдау мен медиаторлардың көмегін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұсынады.

Медициналық пойыздың өзекті қозғалыс кестесі medpoezd.kz сайтында жарияланған.