Медициналық сақтандыру қорын маңызды өзгерістер күтіп тұр – министр

15 мамыр, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Медициналық сақтандыру қорын маңызды өзгерістер күтіп тұр – министр
Фото: instagram.com/akmaralalnazarova

Бүгінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – денсаулық сақтау жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Қазіргі таңда көптеген проблема жиналып қалды. Біз олардың себептеріне терең талдау жүргізіп, оларды жедел шешуге кірістік. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Министрдің айтуынша, мониторинг жүргізу процесін реттеуден бөлек, қор тарапынан медициналық ұйымдардың қаржылық тәртібін қамтамасыз ету үшін қолданылатын шаралардың «қаталдығын» біраз жұмсартатын уақыт келді.

Мұнда бақылау механизмінің икемдірек әрі теңгерімді болуына басымдық беру көзделіп отыр.

Бұл бағытта алдағы 1-2 айда бірқатар өзгерістер енгізіледі.

Біріншіден, қор «алдымен төлем – содан кейін мониторинг» қағидатына көшеді (бұдан былай барлық ықтимал кемшіліктер бойынша қайта тексерудің аяқталуын күтудің қажеті болмайды).

Екіншіден, «сызықтық шкаланы» ай сайын емес, тоқсан сайын қолдану мүмкіндігі енгізіледі, бұл бір айдағы жоспардан тыс орындалған жұмыстармен басқа айдағы жоспардың орындалмауын теңестіруге мүмкіндік береді (алайда медициналық ұйымдардың да өз жұмысын нақты жоспарлап, тез әрекет етуі талап етіледі).

Үшіншіден, «қосарланған алу» мүмкіндігі жойылады – яғни, қарапайым тілмен айтқанда: егер анықталған бұзушылықтар (кемшіліктер) бойынша сома алынған болса, онда сызықтық шкаласы бойынша қосымша алым жүргізуге қажеттілік туындамауы мүмкін.

«Біз қаржылық тәртіптің маңызын жақсы түсінеміз, бірақ пациенттердің нақты қажеттіліктері мен дәрігерлердің мүмкіндіктері де соншалықты маңызды. Сол себепті тепе-теңдікті табуға тырысып жатырмыз.

Біздің мақсатымыз – әділ, ашық әрі түсінікті жүйе құру. Мұнда дәрігер жүйемен күреспей, өз жұмысын атқаруы тиіс», - дейді Ақмарал Әлназарова.