Дәрігерлер шала туған нәрестенің өмірін сақтап қалды

Бүгін, 16:51
Айман Нығмет Айман Нығмет
Дәрігерлер шала туған нәрестенің өмірін сақтап қалды
фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Республикалық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері шала туған нәрестеге уақытша электрокардиостимулятордың эпикардиалдық электродтарын тігу бойынша кардиохирургиялық операцияны сәтті жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүктілік кезінде 30 аптада ұрыққа кардиомегалия, брадикардия диагнозы қойылды, жүректің соғуы минутына 49 рет.

«Бала салмағы 1550 грамм болатын 30 апталық болып мерзімінен бұрын дүниеге келді. Туу кезінде тыныс алу бұзылыстарының синдромына байланысты, морфо-функционалдық жетілмеуі аясында жағдайы өте ауыр болды. Балада жүрек соғысының жиілігі минутына небәрі 40 рет болғандықтан, бұл оның ағзасына оттегі мен қоректік заттарды жеткізуге жеткіліксіз болып, салмақ қосуына кедергі келтірді. Осыған байланысты, өмірінің 22-ші күнінде оған уақытша кардиостимулятор орнату туралы шешім қабылданды»,- делінген хабарламада.

Операциядан кейін пациенттің жағдайы жақсарып, ол салмақ қоса бастады. Жасына байланысты жүрек соғу жиілігі минутына 130-140 болды.

Дене салмағы 2000 г және одан жоғары болған кезде нәрестеге тұрақты электрокардиостимулятор орнатылады. Бүгінгі таңда пациент кардиохирургтардың бақылауымен неонатология бөлімішесінде емін жалғастыруда.

Тәжірибелі кардиохирургтар командасының үйлесімді жұмысының арқасында шала туған нәрестенің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды. Операцияны кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Алмас Бердібеков ПБХҒО неонаталдық реанимациясының тәжірибелі дәрігерлерімен бірлесіп жүргізді.