АИТВ-инфекциясына тексеруден өту кезінде кеңес беру


Кеңес беру ‒ бұл пациентке күйзелісті жеңуге және АИТВ-инфекциясымен байланысты жеке шешімдер қабылдауға көмектесуге бағытталған пациент пен маман арасындағы құпия диалог.
Құпиялылық ‒ кеңес берудің негізі. Тестілеу мен кеңес беру қызметтері құпиялылықты сақтай отырып ұсынылуы тиіс. Құпиялылық сақталуы міндет, бірақ ол құпиялылық стигма немесе ұялту атмосферасына ықпал етпеуі керек. Серіктеспен, отбасы мүшелерімен және денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарымен құпия ақпарат алмасу оң әсерін тигізуі мүмкін. АИТВ-инфекциясына тексерілген адамдар тестілеуге және кеңес алуға өзінің ақпараттандырылған келісімін беруі тиіс.
Дәрігердің негізгі міндеті ‒ тестілеу, кеңес беру процедурасы және осы процедурадан бас тарту құқығы туралы ақпарат беру.
АИТВ-инфекциясына кеңес беру және тестілеу (КжТ) мыналарды қамтиды:
• Өзіңіздің АИТВ-статусыңызды білу мүмкіндігі;
• АИТВ-инфекциясы мәселелері бойынша АИТВ-ға тест тапсырғанға дейін де, өткеннен кейін де маманмен міндетті әңгімелесу (кеңес алу).
Кеңес берудің принциптері:
• Еріктілік, яғни адам тестіні тапсыру не тапсырмау туралы шешімді өзі қабылдайды;
• Құпиялылық, яғни тест нәтижесі және әңгімеде айтылғанның бәрі клиент пен кеңесші арасында қалады.
Кеңес берудің мақсаты:
• АИТВ-инфекциясының алдын алу;
• АИТВ-ны және басқа да жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды немесе қанмен жұқтыру қаупін төмендететін мінез-құлыққа жеке оқыту;
• Өмірі АИТВ-мен байланысты болған адамдарға көмек пен қолдау көрсету.
АИТВ-инфекциясы мәселелері бойынша кеңес берудің негізгі міндеті ‒ психологиялық қолдау көрсету, АИТВ туралы қолжетімді және сенімді ақпарат беру. Клиенттің АИТВ-инфекциясына қатысты өзінің мінез-құлқы туралы саналы шешім қабылдауы үшін жағдай жасау қажет. Клиентті қарсы алу, сенімді атмосфераны құру және клиенттің қажеттіліктерін анықтау. Адам АИТВ-ны жұқтыру немесе таралу қаупіне байланысты тестілеуден өту туралы шешімді өзі қабылдауы тиіс. Әңгімелесу кезінде дәрігер инфекцияның ықтимал қауіп факторларын анықтау үшін науқастың сыртқы түріне, сөйлеу мәнеріне, мінез-құлқына, қолдарындағы және дененің басқа жерлеріндегі іздерге, бетіне жағылған опа-далапқа, сөз мәнеріндегі жаргон сөздерге, денесіндегі суреттерге назар аударуы керек.
АИТВ-ға тестілеуге дейін кеңес беру негізінен халықтың осал топтары: инъекциялық есірткіні тұтынатын адамдар (ИЕТА), секс-жұмыскерлер (СЖ), еркектермен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар (ЕЖЕ), тұтқындар арасында маңызды.
Тестіге дейінгі кеңес беру жеке нысанда, АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша жадынамаларды ұсына отырып не топтың барлық мүшелері, егер олар қаласа, құпия жағдайда сұрақтар қоюға мүмкіндігі бар топтық әңгімелесу нысанында жүргізіледі.
АИТВ-ға тестілеудің кез келген нәтижесі АИТВ-тестісінің нақты нәтижесі негізінде жоғары сапалы тестілеуден кейінгі кеңес берумен сүйемелденуі тиіс.
Кеңес беру пациентке АИТВ-ға қатысты жеке шешім қабылдауға мүмкіндік беруге, сондай-ақ АИТВ жұқтырған адамдар АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында олардың ұзақ жылдар бойы сау болуына, жемісті жұмыс істеуіне және өмір сүруіне мүмкіндік беретін толық қызмет алатынын түсіндіруге бағытталуы тиіс.
Астана қаласы әкімдігінің
«АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы» дәрігер-эпидемиологы
Э. Төлепбаева



