00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Президент Іс басқармасы медициналық орталығының балабақша өкілдері мектепке дейінгі ұйымдармен тәжірибе алмасты

Президент Іс басқармасы медициналық орталығының балабақша өкілдері мектепке дейінгі ұйымдармен тәжірибе алмасты

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы өкілдері Көкшетау қаласының мектепке дейінгі ұйымдарын аралады, деп хабарлады Elorda.info.

«Қарлығаш» балабақшасының өкілдері «Нұр бала» бөбекжай-бақшасының жұмысымен танысып, балалардың белсенді іс-қимыл орталықтары, «SAND ART» кабинеті, мобильді кітапхана, «Ұлттық мұра – қазына» орталығына және психолог кабинетінде болды. Сондай-ақ, мектепке даярлық топтағы «Болжау ағашы» технологиясын қолдана отырып ұйымдастырылған шеберлік сыныбына қатысты, - деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.

Кейін олар  «Алтын бала» балабақшасындағы мұражайға барды. Мұнда STEAM-кабинет, кітапхананы аралап, сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған топтардағы педагогтердің жұмысымен танысты. Ал «Zerek» бөбекжай-бақшасына сапар барысында интерактивті құмсалғыш, робототехника кабинеті, интерактивті альпинизм бөлмесі, сенсорлық бөлме, «STEM» зертханасында болып, «Интеллектум – балабақша» іскерлік ойынына қатысты.

Экскурсиядан соң Көкшетау қалалық білім бөлімінде жергілікті мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерінің және  «Қарлығаш» балабақшасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Отырыс барысында Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова кездесудің өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне  тәжірибе алмасу тұрғысындағы маңыздылығына тоқталды.

Дөңгелек үстел аясында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Казакпаева «Желілік балабақша моделі» тақырыбындағы презентациясын ұсынып, балабақшаның атқаратын қызметі мен оқытудың инновациялық әдістеріне жан-жақты тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Қарлығаш» балабақшасының №2 объектісінің меңгерушісі Раушан Қожахметова «МДҰ-да білім беру сапасын бағалау үшін Есегѕ-3 шкаласын қолдану» тақырыбында семинар-тренинг өткізіп, әдістемені қолданудағы балабақшаның тәжірибесімен бөлісті. «Қарлығаш» балабақшасының №1 объектісінің әдіскері Нұржан Набатова өз кезегінде «Балабақшадағы Naushop» тақырыбында семинар өткізіп, мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыста оқытудың интерактивті әдістерін қолдану барысы туралы айтып берді.

Кездесу соңында Көкшетау қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері шараның кәсіби тәжірибе алмасудағы қажеттілігіне тоқталып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жалпы, Көкшетау қаласының мектепке дейінгі ұйымдарымен кездесу барысында «Қарлығаш» балабақшасының заманауи қызметтерді көрсететін республика бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көшбасшысы ретінде өз тәжірибесін өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарына таратуға дайын екендігі атап өтілді.

Өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарымен кездесудің басты мақсаты – «Қарлығаш» балабақшасында қолданылатын инновациялық методикаларды таныстыру, озық педагогикалық тәжірибемен бөлісу.

«Қарлығаш» балабақшасы биыл осы форматтағы іс-шаралар тізбегін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері шеңберінде еліміздің өзге де өңірлерінде өткізуді жоспарлап отыр.