00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Инфекциялық ауруханаға түскен балалардың 97%-ы екпе алмағандар – маман

19 қыркүйек, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Инфекциялық ауруханаға түскен балалардың 97%-ы екпе алмағандар – маман
Фото: Pixabay

Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында маусымдық аурулардың алдын алу және күзгі-қысқы кезеңге дайындық туралы баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева қазіргі таңда балалар инфекциялық ауруханасында 300-ге жуық науқас балалар емделіп жатқанын айтты. Оның ішінде 100-ден астамы маусымдық жедел респираторлық вирустық инфекциямен ем қабылдауда.

«Короновирус жұқпасымен ауырғандар саны көп емес. Ауырған балалар арасында өкпе қабынуы көп. Асқынған түрі тіркелген жоқ. Бұл да ел арасында вакцинацияны жүргізудің арқасында деп ойлаймын.

Айта кету керек, ауруханаға түскен балалардың 97%-ы – вакцинацияланбаған балалар. Көбінесе олар аурудың асқынған түрімен, яғни ентікпемен, тырысу синдромымен түсіп жатыр.

Жоғарыда аталған барлық көрсеткіштер аурудың алдын алуда халықты жұқпалы ауруларға қарсы иммундаудың маңызды рөл атқаратындығының дәлелі болып табылады», - деді Гүлназ Досмырзаева.

Естеріңізге сала кетейік, жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) және тұмау ауруларына медициналық көмек көрсету үшін емханаларда жұмыс күндері сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін сүзгі кабинеттері жұмыс жасайды. Сондықтан тек стационардың қабылдау бөлмесіне ғана емес, сонымен қатар, тіркелген жеріңіздегі емханаға да жүгіне аласыз.

Сондай-ақ, қалалық емханалардың екпе кабинеттерінде ұлттық күнтізбе бойынша инфекцияларға қарсы жоспарлы вакцинация жүргізіледі.