00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Отбасы - жан қазынасы: Астананың Орталық саябағында биатлоннан жарыс өтті

15 қыркүйек, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Отбасы - жан қазынасы: Астананың Орталық саябағында биатлоннан жарыс өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы сүйемелдеуінде жүрген көп балалы, аз қамтылған отбасыларға арналған «Отбасы-жан қазынасы» атты спорттық іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

2013 жылдан бастап, елімізде қыркүйектің әр екінші демалысы «Отбасы күні» ретінде аталып өтіледі. 

« Қазіргі сәтте «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында 418 отбасы сүйемелдеуде жүр. Оларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бүгінгі «Отбасы күніне» арналған шарамыз да қолдаудың бір түрі саналады», - деді  «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының басшысы Бахтияр Айтпаев.

Осы айтулы күнге орай, Орталық саябақта жақын арада ғана ашылған Биатлон спортынан 5 ауданнан жиналған 21 отбасының арасында бәсеке өтті.

«Бүгін көп балалы, аз қамтылған отбасылары арасында бірінші мәрте спорттық жарысты қолға алып жатырмыз. Бұған дейінгі жылдары мәдени, концерттік шараларды өткізіп келіп едік. Қазіргі сәтте отбасыларға тек материалдық қолдау көрсету жеткіліксіз деп ойлаймын. Сондықтан, жанұяларға қызықты болу үшін, спорттық шараны таңдадық. Неге? Біріншіден, салауатты өмір салтын насихаттау. Кей отбасылар биатлон деген спортты бірінші рет естуі де мүмкін. Бүгінгі шара арқылы жаңа спорт түрімен таныстырып, тұрғындардың ой-өрісін кеңейтеміз. Бәлкім, бүгінгі шара арқылы бала өзінің бойындағы талантты ашуы мүмкін. Әрі спорт секцияларының қолжетімді екенін көрсетеміз. Екіншіден, спорттық бәсекеде ата-анамен бала жақсы тіл табысып, өзара түсіністігі артады. Үшіншіден, демалыс күні отбасыларымыз қаламыздағы көркем жерлеріміздің бірі - Орталық саябақта керемет эмоция алады», - деді жарыс ұйымдастырушысы Зульфия Садвакасова.

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы 2019 жылдың тамызында ашылған.

«Бүгінгі биатлон жарысынан алған әсерім керемет. Табиғат аясында ата-аналармен бірге баланы спортқа баулу жақсы әдістің бірі деп санаймын. Бұған дейін биатлонмен айналысып көрмегенмін. Бірақ жарыс барысында көзімнің қырағылығымның арқасында 10 нысанаға да дәл тигіздім. Бұл - балаларымызға өнеге. Өзім оқушы кезімде әуесқой ретінде жүгірумен шұғылдандым. Баламды да бастауышта каратэ секциясына бергенмін. Осындай шараны ұйымдастырғаны үшін барлығына алғысымды білдіремін», - деп Алматы ауданының тұрғыны Әсел Омарова эмоциясымен бөлісті.

Сайыс ережесі бойынша, бір отбасыдан 2 адам өнер көрсетіп, әр қатысушы 800 метр жүгіріп, 10 мәрте нысананы көздеп атты.

Айта кетейік, қысқы Олимпиада бағдарламасына кіретін айтулы биатлон спортынан Қазақстаннан тек 2010 жылы Ванкувер Олимпиада ойынында Елена Хрусталёва сенсациялық күміс жүлде жеңіп алған.

Жарыс «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы және Қазақстан биатлон Федерациясы, Астана қаласының биатлон Федерациясы, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, №2 Балалар - жасөспірімдер спорт мектебімен бірлесіп, жүзеге асырылды.

Шара соңында барлық отбасылардың арасында жеңімпаздар арнайы кубок, естелік сыйлықтармен марапатталды.