Елордада мәдениет саласының қызметкерлері инклюзивті орта құруды талқылады
Бүгін Астана қаласы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта құрудағы талаптар» тақырыбында кеңес өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының кеңесші-сарапшысы Гүлнар Ақмолдина, Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов және басқармаға қарасты ведомствoлық мекемелер мен кәсіпорын басшылары қатысты.
«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 25-бабына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар ұлттық стандарттарға сәйкес мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлік құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiржол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына жағдай жасауға мiндеттi.Осыған байланысты, біз әр мекемеде, театр, концерт залдары немесе кітапханаларда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта құруды қамтамасыз етуді қарастыруымыз қажет», - деді басқарма басшысы Жаңабай Мейірманқұлов.
Бүгінгі отырыс мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәдени нысандарға емін-еркін кіріп-шығуына жағдай жасау, оларға кедергісіз орта құруды мақсат етеді.
«Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта құру тек пандус және дабыл түймесімен шектелмейді. Ол қажетті нысанға емін-еркін кіріп-шығуы, мекеме ішінде өзгенің көмегінсіз қозғалуы, қалаған жеріне кедергісіз баруы жатады. Сол үшін қоғамда жағдай жасалуы қажет. Мысалы, мекемелер ішінде есту қабілеті нашар, көз көруі бұзылған, сөйлеу қабілеті нашар жандар үшін ақпараттар қажетті формада ұсынылуы керек», - деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының кеңесші-сарапшысы Гүлнар Қайырбайқызы.
Кездесу соңында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған мәселелер қарастырылды.