00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Оразада ағза тазаруы үшін қалай тамақтану керек

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Оразада ағза тазаруы үшін қалай тамақтану керек

Нутрициологтың сөзінше, Рамазан айында не жегеніңді бақылау басқа уақытқа қарағанда маңыздырақ. Себебі ағза ұзақ уақыт бойы сусыз, тамақсыз әлсірейді, сондықтан оны кешке қалпына келтіруге көмектесу керек дейді. 

Аяла Қонақбаева кешке ауызашарда су ішкеннен кейін ол жасушаларға еніп, бүкіл ас қорыту жолын іске қосуы үшін 5-10 минут күте тұруға кеңес берді. Одан кейін бір құрма мен салат жей беруге болады.

Ауызды құрмамен ашу керек деп айтылғанымен, бұл өнімнің гликемиялық индексі жоғары екенін білу керек. Сәйкесінше, ағзада қанттың құрамы күрт өседі. Сондықтан ұйқы безінің дұрыс жұмыс істеуіне көмектесу үшін, құрмадан кейін салат жейміз, онда шөп-шалам көп болғаны абзал, - дейді ол.

Сондықтан ұн өнімдерін, тәттіні, макарон, кондитерлік өнімдерді (жылдам көмірсулар) рационнан алып тастау керегі айтылды. Өйткені олар қандағы қантты арттырады. "Ұзақ уақыт аш жүрген соң, қанттың осылай лезде көтерілуі ағзаға зиян". 

Қант мөлшері жоғары болса ағза өте қатты қышқылданады. Ал ол - бактерия, вирус, саңырауқұлақ, паразиттердің көбеюіне өте қолайлы орта. Ұйқы безі, бауыр, ас қорыту жүйесі зардап шегеді. Дұрыс тамақтанбаса қант диабеті, инсулинрезистенттік (эндогендік немесе экзогендік инсулинге метаболикалық реакцияның бұзылуы) болады. Сондықтан қандағы инсулин мен қантты бақылауда ұстау керек, - деді маман. 

Шөп-шаламнан басқа не жеуге болады?

Бұл сұраққа нутрициолог шөп-шалам асқазан жұмысын қосуға керегін айтты. Одан бөлек ағзаға ақуыз да керек. Мысалы балық, күркетауық еті, тауық, жылқы, қой, қозы еті. Аяла Қонақбаева тауық етіне қарағанда күркетауық жеген дұрыс дейді. Себебі «тауық не жұмыртқа аллергиялық компонент болып есептеледі, оларды, мысалы, саңырауқұлақ ауруларында жеуге тыйым салынады» дейді ол. Маман қазір тауық ең арзан және ең көп тұтынылатын өнім болғандықтан, әдетте қоспалар көп екенін, ГТА болатынын ескертті.   

Ағзаға ақуыз керек болғанымен, нутрициолог етті аз жеуге және көкөністерді ұмытпауға кеңес берді.    

Өйткені ифтар мен сухур арасындағы уақыт салыстырмалы түрде аз, ет ауыз бекіткенше қорытылып үлгермейді. Ал ауыз бекітерде толыққанды таңғы ас ішу керек, ол ақуыз бен майдан тұрады, көмірсуларды мүлде жемеген немесе көлемін азайтқан абзал, - деді ол. 

Аяла Қонақбаева үстелдегі бар тағамды бірден араластыру да дұрыс емес екенін айтты.