Қазақстанда жатыр мойны обырының алдын алу үшін қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанда қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталды.
«Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі.
Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін», - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жатыр мойны обыры – Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік. Жыл сайын елде бұл аурудың 1 900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді.
«Вакцинация қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қыз балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған. АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады», - дейді мамандар.
Олардың айтуынша, бүгінгі таңда бірқатар елде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90 пайызға төмендеген.