Депутаттар АЭС-тің маңызын түсіндірді
Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары арнайы киім өндірумен айналысатын тігін фабрикасының ұжымымен кездесу өткізіп, атом электр станциясын салу бойынша алдағы референдумның мәселелерін талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаттары – Павел Казанцев, Самат Нұртаза, Марат Башимов, Татьяна Савельева, Дәулет Тұрлыханов және Дәулет Мұқаев, сондай-ақ атом электр станциясын салу бойынша қалалық Халықтық штаб мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
«Халық саны өскен соң энергияға сұраныс артты, ал бұл ресурс тапшылығына алып келеді. Мысалы, елорданы алсақ, 2025 жылға қарай Астана қаласында халық саны 1 миллион болады деп болжанған еді. Бірақ қазірдің өзінде қалада шамамен 1,5 миллион халық тұрады. Ал газ ресурстары солтүстік өңірлер мен Астанаға әрең жетеді. Энергия тапшылығы жыл өткен сайын байқала береді. Атом электр станциясының құрылысы – бұл ұзақ мерзімді жоба. Жүзеге асыру үшін кем дегенде 10-15 жыл қажет, демек, энергия тапшылығы мәселесін қазір шешуге тура келеді. 6 қазанда бүкілхалықтық референдум өтеді, онда әр азамат өз таңдауын жасай алады. АЭС-ке қарсы болсаңыз да, бұл бастаманы қолдасаңыз да, дауыс беріңіз. Президент «Әділ Қазақстан» тұжырымдамасы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына сүйеніп жасалғанын атап өтті. Бірнеше жыл бұрын маған атом электр станциясы қажет пе деп сұрағанда, «иә» деп жауап бердім, бірақ шешім референдум арқылы қабылдануы керек екенін баса айттым. Енді, міне, сол мүмкіндік туды, әр азамат өз ұстанымын білдіруіне мүмкіндігі бар, – деді мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтың айтуынша, Қазақстанның атом электр станциясын салуға бүкіл мүмкіндігі бар.
«Барлық партиялардың депутаттары үгіт-насихат науқанына қосылу мақсатымен аймақтарды аралап шықты. Қазір қоғамда осы тақырып бойынша белсенді пікірталас жүріп жатыр. Солтүстікте, шығыста және батыста энергиямен жабдықтау деңгейі дұрыс болса да, ел халқының жартысы тұратын оңтүстікте энергияға тәуелділік ушығып тұрғанын түсінетін прагматиктердің үлесі басым, әрине. Мұндайда аймақтағы жұмыс орындарын қамтамасыз ететін ірі өндірістік нысандарды дамыту қиын. Оңтүстік үшін жаңа электр көздері қажет. Әртүрлі нұсқалар бар, бірақ қазіргі жағдайда таза, жасыл энергетиканың бөлігі саналатын атом электр станциясы – халықаралық классификацияға сәйкес – ең қолайлы шешім болып тұр. Қазақстанның оны салуға мүмкіндігі де, қауқары да жетеді : шикізат ресурстары, білікті кадрлар, екі ірі ғылыми мекеме, сондай-ақ атом энергетикасында жұмыс істеуге 6-7 мың студент дайындайтын жоғары оқу орындары – бәрі бар. Бізде ядролық реакторларды пайдалану тәжірибесі де бар – әңгіме 20 жыл бойы елдің батысын тұщыландырылған сумен, жылумен және электрмен қамтамасыз еткен MAEK реакторы жайында. Оның тоқтап қалғаны біраз экономикалық қиындықтар туғызған еді. Сондай-ақ, елімізде Курчатов пен Алматыда тәжірибелік ядролық реакторлар жұмыс істейді, демек электр энергиясы бұл форматы қауіпсіз деген сөз. Сондай-ақ, АЭС экология тұрғысынан қауіпті болуы мүмкін деп мәлімдеп жүрген адамдар бар. Алайда, қайталап айтамын, атом электр станциясы - бұл жасыл және таза энергия. Ол жылу электр станциялары (ЖЭС) сияқты зиянды заттар бөлмейді. Біреулер оңтүстікте көмір электр станцияларын салу керек дейді, бірақ көмір тек елдің солтүстігінде өндірілетінін ескеру қажет. Көмірді тасымалдап өндірген электр энергиясы АЭС-те өндірілгеннен қымбатырақ шығады. Газ станциясының құрылысы туралы айтылып жатады, бірақ елдегі газ өндірісі шегіне жеткенін, тіпті солтүстік аймақтарды қамтамасыз етуге жеткіліксіз екенін бәрі біледі. Жел немесе күн сияқты жаңартылатын энергияға келер болсақ, оның дамуы жалғасуда. Алайда, бұл тек қосымша және тұрақсыз энергия көзі. Қазақстанда бұл энергия түрлеріне негізделген жобалар салынып та, дамып та жатыр, бірақ әлемнің бірде-бір елінде олар генерацияның негізгі көлемін бермейді. Тұрақтылық үшін көмір, газ немесе атом электр станциялары сияқты сенімді көздер қажет, – деді Павел Казанцев.
Тігін цехының қызметкерлері атом электр станциясын салу туралы алдағы референдумға қатысты мазалаған сұрақтарын қойды. Кездесу барысында жобаның артықшылықтары, сондай-ақ мүмкіндіктері тілге тиек етілді, бұл өз кезегінде қатысушыларға талқыланатын мәселелердің мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
«Билік референдум өткізбей-ақ шешім қабылдай алар еді, бірақ Конституцияға сәйкес, референдум – бұл халықтың ең жоғарғы таңдау құқығы. Референдум өткізуге және халықтың пікірін ұстануға шақырған Президент маңызды қадам жасады. Бұл шынымен де маңызды қадам, өйткені бұл жолмен жүреміз бе, жоқ па, халық еркімен анықталады. Бұл тәсіл – демократияның озық үлгісі. Екіншіден, партия мәселені оң көзқараспен объективті әрі жан-жақты талқылау принципін қолдайды. Елде байқағаныңыздай біраз фобия бар. Мен өзім Смоленск атом электр станциясын басқарумен айналысатын әскерлерде қызмет еттім және 1986 жылы Чернобыльда жарылыс болған кезде демобилизацияландым. Сөйтсе де ол мүлдем басқа дәуір және басқа технологиялар болды. Атом энергетикасы саласындағы заманауи ақпараттық технологиялар жағдайды түбегейлі өзгертті. Бұл қорқыныштарды жеңу керек. Экономикалық тұрғыдан алғанда, жарқын болашақ кепілі - атом энергетикасы. Олай болмаса, энергиясының 65%-ымен бүкіл Еуропаны қамтамасыз ететін Франция АЭС пайдаланбас еді. Еуропадағы демография деңгейі ең жоғары елдердің бірі ретінде де Франция атом энергетикасына фокус ұстап отыр. Басты талап - қауіпсіздікті қамтамасыз ету және барлық стандарттарды сақтау. Бұл жалпы өте маңызды бастама, бірақ референдумды қалай қолдап, қандай таңдау жасайтынымызға байланысты болып тұр. Қалай болғанда да, техникалық прогресс осы жолды талап етеді, – деді Мәжіліс депутаты Марат Башимов.
Нұрлат Байгенжин