«Жуық арада түзеледі деп ойламаймын»: танымал ұстаз Аятжан Ахметжан балалар арасындағы қатігездік туралы айтты

«Жуық арада түзеледі деп ойламаймын»: танымал ұстаз Аятжан Ахметжан балалар арасындағы қатігездік туралы айтты
www.instagram.com/aiatjan

Танымал ұстаздың айтуынша, елімізде мәселенің себебімен емес, салдарымен күресу басым. Бұл туралы Elorda.info.kz желілік басылымы Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

"Біз мәселенің салдарымен күресіп келеміз. Себеппен жүйелі жұмыс жоқ. Мектептегі және қоғамдағы тәрбие жүйесі толыққанды былыққан. Шыққан өртті сөндірумен айналысу ешқашан нәтиже бермейді. Ол үшін мектептердің қоғамдық ортасын, білім саласындағы тәрбие жүйесін дұрыс қарауымыз керек. Мектептерде буллинг немесе төбелес болса, тәрбие жүйесі тек оны жабу деген мәселемен айналысады. Сондықтан бұл мәселе жуық арада түзеледі деп ойламаймын", – деді ол.

Сарапшы балалар арасында әлімжеттік кең тарап кетпегені, бұрыннан бар екенін айтады.

"Соңғы жылдары әлеуметтік желі, ақпарат құралдарының арқасында шығып жатыр. Бұрын да болды. Бірақ көбі мектептің "ешкімге айтпаңдар" деген дүниесімен жабылды. Мен білім саласында жүрген 15 жылдан бері бұл мәселе бар. Ең алдымен білім және тәрбие жүйесін қайта қарастырып, нақты тетіктерін дұрыстау керек. Екіншіден, ақпараттық деңгейде қатыгездік тудыратын дүниені мемлекет мейлінше шектеп отыру керек. Қоғамда, ортамызда біз нені жарнамалап жүрміз, нені ақпараттық кеңістікте талқылап жатырмыз? Мысалы, бір Бишімбаевтың (ред. – сотталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев) оқиғасын біздің ақпараттық қоғам бір жыл азық қылды. Тікелей эфирден көрсетті. Оның бәрі қоғамға дұрыс тәрбие ме? Иә, үлкендер одан сабақ алатын шығар, бірақ жас балалар ше? Керісінше, солай болады екен ғой деген ойға келмей ме?!" – деді ұстаз.

Аятжан Ахметжан оқушының үш жұрты бар екенін еске салды. Егер олар толық дұрысталмаса, оқушы ешқашан дұрыс тұлға болып қалыптаспайды. Бұл отбасы, мектеп және қоғам. Қазір біз үшеуміз үш жаққа қарап отырмыз. Мемлекетте идеология жоқ, дейді ол.

Осыған дейін депутаттар TikTok-ты балалар мен жасөспірімдер арасында шектеуді ұсынды. Ұстаздың осы мәселеге байланысты пікірін білдік.

"TikTok-ты да, VK-ны де, "Одноклассникті" де шектеу керек. Бір TikTok-ты шектесең, келесі желіге өтіп кете береді. Сондықтан 18 жасқа толмаған балаларға барлық әлеуметтік желіні шектеу керек деп айтар едім", – деді сарапшы.