XXV республикалық «Абай оқулары» басталды
10-13 маусым аралығында Абай облысындағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде XXV республикалық «Абай оқулары» өтеді. Көркемсөз байқауына 8-11 сынып оқушылары қатысып жатыр, деп хабарлады Elorda.info Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Байқаудың мақсаты - қазақ халқының әдеби мұрасын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық қазақ әдебиетін оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Салтанатты шараның ашылуында Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев жас таланттарға сәттілік тіледі.
Абай оқулары оқушылардың рухани дамуына ерекше әсер ететін қоғамдық - мәдени шара екендігі жыл сайын айқындалып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жас дарындардың басын қосатын киелі мекенде әр қатысушы сөз өнері шыңында сыналады, қабілет қарымын арттырады. Қазіргі жаңа буын Абай мұрасынан нәр алып, оның асыл сөздерін, асқақ поэзиясын, терең философиясын бойына сіңіріп өсуге тиіс, - деді Қаныбек Жұмашев.
Республикалық қорытынды кезеңде 130-дан аса жас дарын 6 номинация бойынша бақ сынасады: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Көңілім әнді ұғады», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі».
Басты шарт - қатысушылар Абай шығармаларын жатқа айтуы тиіс.
Айта кетейік, Абай оқуларының жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және алтын, күміс, қола медальдармен марапатталады. Сондай-ақ «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының атынан грамоталар мен бағалы сыйлықтар тапсырылады.