Негізгі ҰБТ қорытындысы: талапкерлердің 72 пайызы шекті балл жинады

Бүгін, 15:08
Айман Нығмет Айман Нығмет
Негізгі ҰБТ қорытындысы: талапкерлердің 72 пайызы шекті балл жинады
фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бүгінге дейін негізгі ҰБТ аясында 326 мың рет тест тапсырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Алты аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 72%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 67-ні құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Мұндай нәтижені Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек бірінші аптада көрсетті.

Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 18%-ы «Математика-Физика», 16%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын тапсырды. 13%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 657 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

«ҰБТ-ны өткізудің алты аптасында 550 ереже бұзушылық анықталды. 260 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 289 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды, ал 1 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ»,- делінген хабарламада.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Естеріңізге сала кетсек, тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түсті.