Испания Патшалығында да қазақ тілі үйретілмек
Тәуелсіздік мерекесіне орай «Tildes.kz» клубының филиалы өз мүшелерінің сұранысы аясында Испания Патшалығында да ашылды. Аталған клуб іргетасы 2022 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Астана қалалық филиалының қолдауымен қаланды, деп хабарлады Elorda.info.
Алғашқы шетелдік филиалдың ашылу салтанатында аталған клубтың бастамасын қолдаған делегаттар өздерін күтіп алған бір топ испандықтарды қазақ тіліне қызықтыратын дәрістер оқып, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосты. Себебі, делегаттар арасында «Tildes» клубының ережесіне сәйкес арнайы іріктеуден өткен тіл мамандары да бар.
Нәтижесінде Испания патшалығында ашылған «Tildes» клубын қолдап келген команда 5 күн бойы тілімізді, ұлттық дәстүр мен мәдениетімізді испандықтарға дәріптеп, есте қаларлықтай естеліктер тарту етіп, сапар бағдарламасында қамтылған Испаниямен іргелес жатқан Португалия еліне де барып, испан және португал университеттері мен мектептерінің тілдерді оқыту саласындағы сарапшы тіл мамандарымен тәжірибе алмасты. «Тілдес» тарапынан «Мұғалімдерге арналған заманауи қазақ тілі: жаңа мақсаттарға жаңа жол табу» курсы да сәтті өткізілді.
Айта кеткен лазым, Испанияда қазақ тілін үйретуге Испанияның Гранада қаласындағы AIFET Директорлар кеңесінің мүшесі Мария Мартинес Гонсалес өзіндік ерекше септігін тигізіп, мұрындық болды. Белсенді азаматша заңгер, әлеуметтік ғылымдар магистрі, Адам денсаулығы қауіпсіздігін зерттеу магистрі, Еуроодақтың бірнеше мемлекеттік мекемелері мен үкіметтік ұйымдарында ұлттық және еуропалық деңгейдегі жобалардың аға кеңесшісі және бағалаушысы. Кәсіпкерлікке, мәдениетке, білімге және әлеуметтік ғылымдарға қатысты 100-ден астам халықаралық жобаларға қатысып, ұйымдастырған тұлға үшін бұл шараға ұйытқы болу дәстүрлі дағды болғаны сөзсіз. Ол сонымен қатар көшбасшылық, процестерді ұйымдастыру, топтық жұмыс және коммуникация бойынша тренингтер өткізетін көптеген компанияларда оқытушы болған.
Сондай-ақ, бұл ілкімді істе үйлестірушілік қызметін ұсынған Үміт Дәуленованың да еңбегі айрықша. Ол «La Asociación Europea de Lengua y Cultura Kazaja «Tildes» en el Reino de España» клубының жетекшісі ретінде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырды.
Испанияның Гранада қаласында осыдан біраз ғасыр бұрын қалған мұсылмандардың айрықша ізі бар. Мұны біз сарғайған тарих беттерінен білеміз. Лиссабон да өте көрікті, жанға жылулық ұялататын қала. Оңтүсік Европаның алпауыт өңірлеріне міне бүгін қазақтардың да табаны тиіп жатыр. Жәй келмей, ана тілімізді өзге ұлт өкілдеріне үйрететін ұлы миссиямен келгендеріңіздің өзі бойдағы руханияттарыңызды, патриоттық сезімдеріңізді айқындап тұрғандай. Алған бағыттарыңыз берекелі болсын! Қасиетті тіліміз әлемнің әр бұрышынан құрмет пен қызығушылыққа ие болып жатса, бұл ұлт ретіндегі біздің жетістігіміз. Және, бұл ұлы жолда сіздердің көлдей үлестеріңіз бар деп білемін, - деді Үміт Дәуленова.
Білгенге маржан, Гранада қаласында тұратын Үміт Каналбекқызы «Tildes.kz» клубы жобасын қолдап, «La Asociación Europea de Lengua y Cultura Kazaja «Tildes» en el Reino de España» клубын ағымдағы жылдың 3 тамызында Испания патшалығында заңды тіркеуден өткізіп, ашып берді. 30 жыл Атыраудағы Құлсарыда мұнай өндіретін компанияда абыройлы жұмыс жасаған ол шетелге қоныс аударғаннан кейін мейрамхана және банкет залдарында басшылық етіп, соңғы 15 жылдан бері Аджип КСО компаниясында өңірлік және халықаралық стандарттау жүйесінде белсенді қызмет етіп келген. Испанияның Гранада қаласында қоғам белсенедісі болып өзінің елін-жерін Еуропалықтарға танытып, дәріптеуде зор үлес қосып отыр. Еуропалық іскер әйелдердің қолқа салуымен «Мөлдір Үміт» өмірбаяндық кітабын жазып, осы атаумен дүниежүзілік қазақ қыздары ассоциациясының негізін қалаған.
Осындай танымы терең тұлғалардың үздіксіз қолдауымен ашылған клуб қызметі әрі қарай жанданып кетеріне риясыз сенеміз. Бір қуантарлығы, бізге «Тілдес» филиалын Германия мен Португалиядан да ашуға ұсыныс түсуде. Бұл ақжолтай хабарды да тезірек есту үшін жұмыстануға ниеттіміз. Бұл жобаның шетелдегі қызметін, сапарын, ашылуын ұйымдастыруға бірнеше ұйымдар және клуб мүшелерінің өзі көмектесті. Соның ішінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық филиалының да еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн,- дейді жоба жетекшісі Мақсат Мәлік пен жобаның продюсері Лариса Алдаберген.
«Tildes.kz» жүйелі жұмыстарын жандандыра бермек.