Қазақстан жұмысшы кадрларды даярлауда әлемдік деңгейге шықты

Бүгін, 17:05
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан жұмысшы кадрларды даярлауда әлемдік деңгейге шықты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қазақстандық колледждерді интернационалдандыру жүргізілуде. Бұл – ТжКБ жүйесін трансформациялаудағы басым бағыттардың бірі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазіргі уақытта салалық ведомство шетелдік серіктестермен келіссөздер жүргізуде. Олардың қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, Франция секілді елдердің жетекші білім беру ұйымдары мен кәсіпорындары бар. Ынтымақтастық аясында академиялық ұтқырлыққа, тағылымдама мен тәжірибе алмасу бағдарламаларына, халықаралық білім беру стандарттарын, қос диплом алу бағдарламаларын енгізуге, сондай-ақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

«Жұмысшы мамандықтарының жылы аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі – колледждерді интернационалдандыру. Басты мақсат – олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оқу бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және заманауи еңбек нарығының сын-қатерлеріне жауап бере алатын мамандарды даярлауға жағдай жасау», – дейді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Осы бастама аясында 2025 жылы еліміз бойынша 10 колледж интернационалдандырылады. Олардың қатарында – Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі, Астана қаласының қоғамдық тамақтану және сервис колледжі, Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі және басқалары бар. Бүгінде осы ұйымдардың студенттері мен педагогтері Жапония, Франция, Қытай, Түркия және басқа елдердің колледждерінде және серіктес кәсіпорындарында оқудан және тағылымдамадан өтуде.